Бүгін, 2026 жылғы 19 қарашада Астана қаласында «Микробқа қарсы резистенттілікпен күресу үшін микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалану: «Біртұтас денсаулық» тәсілі» тақырыбындағы халықаралық конференция өз жұмысын бастады.
Іс-шара Nazarbayev University Медицина мектебінің базасында Антимикробтық резистенттілік туралы хабардарлықты арттыру жөніндегі дүниежүзілік апта аясында ұйымдастырылып, екі күнге – 19–20 қараша аралығына жоспарланған.
Конференцияға Орталық Азия және Еуропа елдерінің өкілдері, халықаралық ұйымдар, жетекші медициналық және ғылыми орталықтар, сондай-ақ денсаулық сақтау, ветеринария, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және экология салаларының мамандары қатысуда.
Іс-шараның негізгі мақсаты – антимикробтық резистенттіліктің (АМР) алдын алу және оның таралуын тежеу, микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалану, халықаралық тәжірибе алмасу және өңірлік ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша өзекті тәсілдерді талқылау.
Швеция, Германия, Түркия, Дания, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және басқа да елдерден келген халықаралық сарапшылар антибиотиктерді ұтымды пайдалану, төзімді микроорганизмдерден туындаған инфекцияларды емдеу, микробқа қарсы препараттарды тұтыну динамикасы және антимикробтық резистенттілікті тежеудің заманауи тәсілдері бойынша кәсіби тәжірибелерімен бөліседі.
Конференция аясында антимикробтық резистенттілікке қарсы іс-қимылдың жаһандық стратегиялары, Орталық Азия елдеріндегі қазіргі жағдай, эпидемиологиялық қадағалау жүйелерін дамыту және осы бағыттағы ұлттық басымдықтар мәселелері талқылануда.