«Біртұтас денсаулық — бірыңғай іс-қимыл: МПТ-ның алдын алайық!»
Антибиотиктердің тиімділігін сақтап, халық денсаулығын қорғау жолында күш біріктіру
Микробқа қарсы дәрілерге төзімділік мәселесі бойынша хабардарлықты арттыруға арналған Дүниежүзілік апта аясында Астана қаласында микробқа қарсы резистенттілік мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының «Біртұтас денсаулық — бірыңғай іс-қимыл: МПТ-ның алдын алайық!» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті.
Дөңгелек үстел барысында микроорганизмдердің микробқа қарсы препараттарға төзімділігінің таралуына қатысты өзекті мәселелер, қолданыстағы проблемалар және алдын алу мен бақылау жүйесін жетілдіру перспективалары қаралды. Қатысушылар адам, жануарлар және қоршаған орта денсаулығының өзара байланысын көздейтін «Біртұтас денсаулық» тұжырымдамасы шеңберіндегі өзара іс-қимылдың практикалық тетіктерін талқылады.
Антибиотиктерді ұтымды қолдану, эпидемиологиялық және зертханалық мониторингті күшейту, инфекциялардың алдын алу, сондай-ақ мамандар мен халықтың микробқа қарсы препараттарды бақылаусыз қолданудың салдары туралы хабардарлығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара антимикробтық резистенттілік — қазіргі заманғы денсаулық сақтау жүйесінің ең маңызды қатерлерінің біріне қарсы күресудің ортақ мақсатына біріккен түрлі сектор өкілдерінің ашық кәсіби пікір алмасу алаңына айналды.
Кездесу қорытындысы бойынша ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға, профилактикалық тәсілдерді дамытуға және антибиотиктерді жауапкершілікпен пайдалануға бағытталған одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды.