Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Астанада денсаулық сақтау ұйымдарындағы жағдайды жақсарту үшін WASH FIT құралын енгізу бойынша ұлттық семинар өтуде


2026 жылдың 6–8 қазан күндері  Астана қаласында медициналық ұйымдардағы сумен жабдықтау, санитария және гигиена (ВСГ) сапасын арттыруға бағытталған WASH FIT құралын қолдану бойынша ұлттық семинар өтуде. WASH FIT – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының медициналық ұйымдардағы сумен жабдықтау, санитария және гигиенаны жақсартуға арналған әдістемелік құралы.

Іс-шараны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен бірлесіп Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің қатысуымен өткізуде.

Семинардың негізгі мақсаты – қатысушыларды WASH FIT тәсілдерімен таныстыру, Қазақстанның медициналық ұйымдарындағы сумен жабдықтау, санитария және гигиена жүйелерінің қазіргі жағдайы мен оларды нығайту мүмкіндіктерін талқылау, сондай-ақ осы бағытты одан әрі дамыту бойынша практикалық шараларды айқындау.

Семинар аясында медициналық ұйымдардағы ВСГ жүйесін дамытудың жаһандық және өңірлік перспективалары, осы саладағы құқықтық база мен басқару тетіктеріне жүргізілген ұлттық ахуалдық талдаудың нәтижелері, сондай-ақ WASH FIT әдіснамасы және оны енгізу мен ауқымын кеңейтудің халықаралық тәжірибесі қарастырылуда.

Семинардың практикалық бөлігінде сумен жабдықтау, санитария, медициналық қалдықтарды басқару, қол гигиенасы және үй-жайларды тазалау мәселелері бойынша техникалық модульдер, сондай-ақ тәуекелдерді бағалау жүргізілуде.

Медициналық ұйымдардағы WASH – медициналық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етудің, инфекциялардың алдын алудың және денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі.