Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

ШҚО-да медицина қызметкерлері ана мен бала ұйымдарындағы инфекциялық бақылау бойынша біліктілігін арттырды


2 қазанда Өскемен қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының аудандарындағы медицина қызметкерлеріне арналған «Ана мен бала ұйымдарындағы инфекциялық бақылау» тақырыбында бес күндік біліктілікті арттыру циклі аяқталды. Оқыту Ана мен бала орталығының базасында өтті.

Бес күн ішінде қатысушылар инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау саласындағы заманауи тәсілдер мен өзекті ұсынымдарды, оның ішінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тәсілдері мен инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау саласындағы заманауи халықаралық тәжірибелерді қарастырды. Эпидемиологиялық қауіпсіздікке, медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алуға, сондай-ақ ана мен бала ұйымдарында инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылауды ұйымдастыру ерекшеліктеріне ерекше назар аударылды.

Практикалық жұмысқа да айрықша көңіл бөлінді. Қатысушылар Ана мен бала орталығының бейінді бөлімшелерін аралап, жұмыс орындарында инфекциялық бақылаудың қалай ұйымдастырылғанымен танысты, қолданыстағы тәжірибелер мен оларды одан әрі жетілдіру жолдарын талқылады.

Мұндай формат қатысушыларға жаңа білім алумен қатар, нақты жұмыс жағдайларын талдауға, тәжірибе алмасуға және мамандардың күнделікті қызмет барысында кездесетін мәселелерді бірлесіп талқылауына мүмкіндік берді.

Біліктілікті арттыру циклін ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығын инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің инфекциялық бақылау және микробқа қарсы резистенттілікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Агажаева өткізді.

Оқу қорытындысы бойынша қатысушылар инфекциялық бақылауды одан әрі жетілдіруге, медициналық көмектің сапасын арттыруға, пациенттер мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи білім мен практикалық құралдарды меңгерді.Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Ана мен бала орталығының басшылығы мен мамандарына оқытудың практикалық бөлігін ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін, ал цикл қатысушыларына белсенділігі, кәсіби қызығушылығы және ашық тәжірибе алмасуы үшін алғыс білдіреді.