Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

ҚДСҰО қызметкерлері кәсіби мерекеде салалық наградалармен марапатталды

Алматыда Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлері күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған сала мамандарының алғашқы Конгресі өтті. Жиында денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлесі, көп жылғы еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының бірқатар қызметкеріне наградалар табысталды.

Инфекциялық аурулардың профилактикасы департаменті инфекциялық және паразиттік аурулардың алдын алу бөлімінің бас маманы Жұмабек Бекеновке «Еңбек ардагері» медалі табысталды.

Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды мониторингтеу және иммунопрофилактика орталығының бас маманы Айгүл Сатаева «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

ҚДСҰО филиалының вирустық инфекцияларды бақылау жөніндегі референс-зертханасының маманы Әсем Ермекбаева «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Сондай-ақ ҚДСҰО-ның «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының санитариялық-гигиеналық мониторинг басқармасы білім беру объектілерін мониторингтеу секторының санитариялық дәрігері Әлия Әмірова мен радиациялық қауіпсіздік зертханасының маманы Бахтияр Азнақовқа Денсаулық сақтау министрінің және ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының алғыс хаттары мен құрмет грамоталары табысталды.

Алғаш рет ұйымдастырылған Конгресс еліміздің барлық өңірінен 700-ден астам маманның басын қосты. Оған сала ардагерлері, мемлекеттік органдардың, медициналық жоғары оқу орындарының, ғылыми және халықаралық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты.

Конгресс қорытындысында Қазақстанның санитариялық-эпидемиологиялық қызметін одан әрі дамыту бағыттары қамтылған қарар қабылданды.