Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

«Сенімді дос»: баланың жағдайын дер кезінде байқап, көмек көрсету


Шымкент қаласы мен Түркістан облысында «Сенімді дос» бағдарламасы бойынша өңірлік мастер-тренерлерді даярлау семинарлары өтті. Бағдарлама балалар мен жасөспірімдердің психологиялық қиындықтарын ерте анықтауға және суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған.

Бағдарлама Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының қолдауымен, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Пилоттық жоба Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысын да қамтиды.

Оқыту барысында қатысушылар баланың эмоционалдық жағдайы мен мінез-құлқындағы алаңдатарлық өзгерістерді байқау, сенімді қарым-қатынас орнату және қолдау көрсету жолдарын меңгерді. Суицид қаупінің белгілерін бағалау және кәсіби көмек қажет болған жағдайда әрекет ету алгоритмдеріне ерекше назар аударылды.

Оқудан өткен өңірлік мастер-тренерлер Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы педагог-психологтарды даярлайды. Кейін мектептер мен колледждердің педагогтері және балалармен күнделікті жұмыс істейтін басқа да қызметкерлер оқытудан өтеді.

Бағдарламаның мақсаты — білім беру ұйымдарында алаңдатарлық белгілерді ерте байқап, балаға қажетті көмекті уақтылы ұйымдастыруға мүмкіндік беретін нақты әрекет алгоритмін енгізу.