
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен және Колумбия университеті жанындағы ICAP-пен (АҚШ) бірлесіп, өңірдегі медициналық ұйымдардың төтенше жағдайларға дайындығын бағалады.
Бағалау 11–14 тамыз аралығында облыстық және аудандық деңгейдегі екі медициналық ұйымда өтті. Бұл жұмыс бұған дейін Жамбыл облысында ДДСҰ-ның халықаралық құралы — Ауруханалар қауіпсіздігі индексі (Hospital Safety Index) қолданылған пилоттық жобаның жалғасы болды.
Сарапшылар медициналық ұйымдардың төтенше жағдай кезінде жұмыс істеуге дайындығын бағалады. Атап айтқанда, инфрақұрылым мен жабдықтардың қауіпсіздігі, төтенше жағдайларды басқару жүйесі, персоналдың дайындығы, қажетті ресурстармен қамтылуы және пациенттер ағыны күрт артқан жағдайда медициналық көмекті үздіксіз көрсету мүмкіндігі қаралды.
Сарапшылар тобының құрамына ҚДСҰО төрағасының кеңесшісі, жоба үйлестірушісі Зауре Ахметова, Колумбия университеті жанындағы ICAP маманы Әсем Сүлейменова және Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел орталықтың маманы Шұғыла Ахметова кірді.
Бағалау қорытындысы бойынша Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық ұйымдардың басшылығына ауруханалардың төтенше жағдайларға дайындығын күшейту жөнінде ұсынымдар берілді. Олардың қатарында ұлттық заңнама мен ДДСҰ тәсілдерін ескере отырып әрекет ету жоспарларын жаңарту, зардап шеккендер жаппай түскен жағдайда қолданылатын алгоритмдерді әзірлеу, персоналды даярлау, қозғалысы шектеулі пациенттер үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру, аса маңызды ресурстардың резервін қалыптастыру және деконтаминацияны ұйымдастыру бар.
Атырау облысындағы бағалау нәтижелері пилоттық жоба аясында жинақталған деректерді толықтырып, алдағы уақытта Қазақстанның басқа өңірлерінде осындай жұмыстарды жүргізу кезінде ескеріледі.
Жоба «Шеврон» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылуда.