Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

ҚДСҰО-да Біртұтас денсаулық – «One Health – Frontline FETP» бағдарламасының екінші семинары өтуде


Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына арналған «Біртұтас денсаулық» -«One Health – Frontline FETP»бағдарламасының екінші семинары өтуде.

Бағдарлама Қазақстандағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Елдік офисінің қолдауымен Пандемия қоры және АҚШ-тың Орталық Азиядағы Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы аясында жүзеге асырылуда.

Семинардың негізгі тақырыбы – далалық жобаларды әзірлеу. Қатысушылар өз өңірлері үшін өзекті тақырыптарды таңдады. Олардың қатарында туберкулез, бруцеллез, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы және халықтың профилактикалық вакцинациядан бас тарту себептері бар.

Бір апта бойы тыңдаушылар эпидемиологиялық зерттеулерді жоспарлау және жүргізу, деректерді жинау мен талдау, қауіп факторларын бағалау және практикалық ұсынымдар әзірлеу дағдыларын жетілдіреді. Алған білімдерін өз өңірлерінде далалық жобаларды іске асыру кезінде қолданады.

Зерттеу нәтижелері эпидемиологиялық қадағалауды жетілдіруге, қауіп факторларын уақтылы анықтауға және тиімді профилактикалық шараларды әзірлеуге негіз болады.

One Health – Frontline FETP бағдарламасы санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін нығайтуға және адам, жануарлар мен қоршаған орта денсаулығын қорғау салаларындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.