
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында инфекциялардың профилактикасы және инфекциялық бақылау мәселелеріне арналған кеңес өтті. Кеңес барысында медициналық ұйымдарды бағалау нәтижелері қаралып, озық тәжірибе мектептерін енгізу барысы талқыланып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды.


2022 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының IPCAF халықаралық бағалау құралы бойынша Қазақстанның 20 өңіріндегі 31 медициналық ұйымға бағалау жүргізілді, оның ішінде 21 ұйым қайта бағалаудан өтті. Қайта бағалау қорытындылары инфекциялық бақылау тәжірибесін жетілдіруге бағытталған ұсынымдардың кезең-кезеңімен енгізіліп жатқанын және оң динамиканың қалыптасқанын көрсетті.
Кеңесте бұған дейін берілген ұсынымдардың өңірлерде орындалу нәтижелеріне де ерекше назар аударылды. Озық тәжірибе мектептерін одан әрі дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және эпидемиологиялық қадағалау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды.
Кеңес қорытындысы бойынша озық тәжірибелерді енгізуді жалғастыру, инфекциялық бақылау жүйесін нығайту және жоспарланған іс-шаралардың орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу жөніндегі алдағы міндеттер айқындалды.