Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Ұлттық орталықта ауруханаішілік инфекциялардың алдын алу шараларын күшейту мәселелері талқыланды


Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығында Инфекциялардың профилактикасы және инфекциялық бақылау жөніндегі ұлттық техникалық топтың отырысы өтті. Сарапшылар 2022–2027 жылдарға арналған инфекциялардың профилактикасы және инфекциялық бақылау жүйесін жетілдіру жөніндегі жоспардың іске асырылу барысын талқылап, қол жеткізілген нәтижелерді бағалады және алдағы кезеңнің басым бағыттарын айқындады.

Отырысқа Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, бейінді сарапшылар және еліміздің өңірлеріндегі медициналық ұйымдардың мамандары қатысты.

Отырысты ашқан Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Басқарма төрағасы Ерік Байжүнісов тиімді инфекциялық бақылау пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және медициналық көмектің сапасын арттырудың негізгі шарттарының бірі екенін атап өтті.

Негізгі баяндаманы ҚДСҰО-ның инфекциялық бақылау және микробқа қарсы төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Ағажаева жасады. Ол Жоспардың іске асырылуының аралық қорытындыларын таныстырып, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, эпидемиологиялық қадағалауды дамыту, мамандарды даярлау және халықаралық озық тәжірибелерді енгізу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Отырыста медициналық көмек көрсетумен байланысты инфекцияларға мониторинг жүргізу жүйесін дамытуға ерекше назар аударылды. Цифрлық мониторинг құралдарын енгізу, «Stop Infection» бағдарламасын іске асыру, медицина қызметкерлерін оқыту, сондай-ақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұлттық инфекциялық бақылау жүйесін дамытуға бағытталған бастамаларына Қазақстанның қатысу нәтижелері ұсынылды.

Алдағы кезеңге арналған басым міндеттер ретінде нормативтік-құқықтық базаны одан әрі жетілдіру, эпидемиологиялық қадағалау мен цифрлық шешімдерді дамыту, сондай-ақ инфекциялық бақылау саласындағы кадрлық әлеуетті нығайту айқындалды.

Қатысушылар Жоспарды одан әрі тиімді іске асыру мемлекеттік органдардың, медициналық ұйымдардың және кәсіби қауымдастықтың тығыз өзара іс-қимылын талап ететінін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық техникалық топтың қызметі аясында жалғасатын болады.