Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

ҚДСҰО өкілдері Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесін халықаралық сараптамалық бағалауға қатысты


Солтүстік Қазақстан облысында Еуропалық одақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері мен қазақстандық мамандардың қатысуімен өңірлік денсаулық сақтау жүйесіне сараптамалық бағалау жүргізілді. Жұмыс медициналық көмектің сапасы мен ұйымдастырылуын бағалауға және оны одан әрі дамыту бағыттарын айқындауға арналды.

Жұмыс сапары аясында өңірге Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкич және ДДСҰ-ның Қазақстандағы өкілі доктор Скендер Сыла келді. Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының атынан Басқарма төрағасы Ерік Байжүнісов қатысты.

Сарапшылар бірнеше күн бойы облыстың медициналық ұйымдарын аралап, медициналық көмекті ұйымдастыру, жұмыс үдерістері мен басқару тәсілдерін зерделеді.

ҚДСҰО Иммундық профилактика орталығының мамандары Нұршай Азимбаева мен Айгүл Сатаева ДДСҰ сарапшыларымен бірлесіп, өңірдегі медициналық ұйымдарда иммундық профилактиканың ұйымдастырылуын бағалады.

Негізгі нысандардың бірі — Көпбейінді облыстық балалар ауруханасы. Мамандар вакциналарды сақтау және тасымалдаудан бастап, егу кабинетінің жұмысына дейінгі вакцинация үдерісін зерделеді. «Салқындату тізбегі» талаптарының сақталуына, иммундау қауіпсіздігіне және вакцинациядан кейін реакциялар туындаған жағдайда медицина қызметкерлерінің шұғыл көмек көрсетуге дайындығына ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ сарапшылар облыстық қоймадағы иммундық-биологиялық дәрілік препараттарды сақтау жағдайларын бағалады.

Мониторинг барысында ата-аналарды вакцинация және инфекциялық аурулардың алдын алу мәселелері бойынша ақпараттандыруға да назар аударылды. Дәйекті ақпарат пен иммундауға деген сенім инфекциялардың алдын алуда маңызды рөл атқарады.