
Паразиттік аурулар Қазақстанды қоса алғанда, әлемнің көптеген елдерінде қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Эпидемиологиялық жағдай салыстырмалы түрде тұрақты болғанымен, жұқтыру қаупі сақталады, сондықтан алдын алу шаралары денсаулықты қорғаудың ең сенімді жолдарының бірі болып табылады.
Паразиттік ауруларды әртүрлі паразиттер тудырады: қарапайымдылар, гельминттер және кейбір бунақ аяқтылар. Жұқтыру ластанған тағам өнімдері мен су арқылы, кір қол, топырақ, сондай-ақ жануарлармен немесе инфекция тасымалдаушыларымен байланыс кезінде болуы мүмкін.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының деректері бойынша, 2025 жылы Қазақстанда жалпы паразиттік сырқаттанушылықтың республикалық көрсеткіші 17,6% — ға төмендеді. Көрсеткіш 2024 жылы 40,4-ке қарсы 100 мың тұрғынға шаққанда 33,1 жағдайды құрады. Республика бойынша барлығы 6 789 жағдай тіркелді, оның 85% — ы (5 764 жағдай) гельминтозға және 15%
(1 025 жағдай) протозоозға келеді.
2026 жылдың екінші тоқсанында паразиттік аурулардың 3080 жағдайы тіркелді. Паразиттік ауру құрылымында энтеробиоз (56.4%), лямблиоз (16.3%), аскаридоз (12.5%) және эхинококкоз (8.8%) басым болды. Науқастардың ең көп үлесін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды — 69,7% (2 148 жағдай). 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер 4,0% (123 жағдай) және 26.3% ересек тұрғындар (809 жағдай). Көптеген паразиттік аурулардың ерекшелігі — олардың ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі. Уақыт өте келе олар әртүрлі ағзалар мен жүйелердің жұмысына әсер етіп, ағзаның қорғаныс қабілетін төмендетіп, созылмалы бұзылыстарға әкелуі мүмкін. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар және иммунитеті әлсіреген тұлғалар осал келеді.
Дәрігерге қаралуға негіз болатын белгілерге ас қорыту бұзылыстарының ұзаққа созылуы, іштің ауыруы, жүрек айну, тәбеттің өзгеруі, тез шаршау, бас ауруы, аллергиялық реакциялар, ұйқының бұзылуы, себепсіз дене қызуының көтерілуі және басқа да белгілер жатады. Бұл белгілер тек паразиттік ауруларға ғана тән емес, сондықтан нақты диагнозды тек дәрігер қажетті тексерулерден кейін қоя алады.
Паразиттік инфекциялардың көпшілігінің алдын алуға болады. Ең алдымен, дәретханаға барғаннан кейін, тамақ ішер алдында, жермен жұмыс істегеннен кейін және жануарлармен байланыстан соң қолды сабынмен мұқият жуу қажет. Бақшада немесе огородта жұмыс істегенде қорғаныш қолғаптарын пайдалану ұсынылады.
Балалардағы паразиттік аурулардың алдын алуға ерекше көңіл бөлу қажет. Ойын кезінде балалар құммен, топырақпен және жануарлармен жиі байланысады, бірақ әрдайым жеке гигиена ережелерін сақтай бермейді. Сондықтан ата-аналар баланы ерте жастан бастап серуеннен кейін, дәретханадан соң, сыртта ойнағаннан кейін және тамақтанар алдында қол жууға үйретуі, сондай-ақ балалардың лас қолдарын, ойыншықтарды және басқа заттарды аузына салмауын қадағалауы тиіс.
Көкөністер, жемістер, жидектер мен көк шөптерді, әсіресе оларды шикі түрде пайдаланғанда, ағынды сумен мұқият жуу қажет. Ет пен балықты толық термиялық өңдеуден өткізу керек. Шикі немесе жеткіліксіз дайындалған ет пен балықты тұтыну ұсынылмайды.
Ішуге және тамақ дайындауға қауіпсіз суды — қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану қажет. Ашық су көздерінен су ішуге болмайды, ал шомылу тек рұқсат етілген және тексерілген орындарда жүргізілуі тиіс.
Жылы мезгілде тағам өнімдерін шыбындар мен басқа да жәндіктерден қорғау, оларды жабық ыдыста сақтау және қажет болған жағдайда жәндіктерден қорғайтын құралдарды қолдану маңызды.
Үй жануарларына жүйелі түрде дегельминтизация жүргізу қажет, ал олармен байланыстан кейін міндетті түрде жеке гигиена ережелерін сақтау керек.
«Ағзаны паразиттерден тазартуға арналған» деп жарнамаланатын биологиялық белсенді қоспаларға (ББҚ) және түрлі құралдарға ерекше назар аудару қажет. ББҚ дәрілік препарат болып табылмайды және паразиттік ауруларды емдеуге арналмаған. Оларды өз бетінше қабылдау дәрігерге жүгінуді кешіктіріп, жағымсыз әсерлер туғызуы және жалған қауіпсіздік сезімін қалыптастыруы мүмкін.
Паразиттік ауруға күдік туындаған жағдайда өздігінен емделуге болмайды. Емдеуді тек дәрігер тексеру нәтижелері мен диагноз расталғаннан кейін тағайындауы тиіс.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жеке гигиена ережелерін сақтау, қауіпсіз су мен тағам өнімдерін пайдалану, үй жануарларын уақытылы дегельминтизациялау және күмәнді белгілер пайда болған жағдайда дәрігерге жүгіну паразиттік ауруларды жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендететінін еске салады.