Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Таразда зооноздық аурулар өршіген жағдайда қызметтердің бірлескен іс-қимылы пысықталды


Тараз қаласында «Зооноздық аурулар өршіген жағдайда ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайту» тақырыбындағы екі күндік салааралық семинар-жаттығу аяқталды.

Іс-шараны Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Колумбия университетінің жанындағы ICAP ұйымымен бірлесіп, CDC орталығының қолдауымен ұйымдастырды. Семинар-жаттығудың мақсаты – ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтып, өңірлік қызметтердің биологиялық қауіп-қатерлерге ден қоюға дайындығын арттыру.

Практикалық сценарийлерге денсаулық сақтау жүйесінің, ветеринариялық қызметтің, төтенше жағдайлар органдарының, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де бейінді ведомстволардың өкілдері қатысты. Қатысушылар ықтимал індеттің алғашқы белгілері анықталған кездегі бірлескен іс-қимыл алгоритмдерін, жедел ақпарат алмасуды, қауіп-қатерді бағалау мен басқарушылық шешімдер қабылдау тетіктерін пысықтады.

Семинар-жаттығуда тәуекел-коммуникация мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар төтенше жағдай кезінде халықты тиімді хабардар ету жолдарын, негізгі мақсатты аудиторияларды және уақытылы әрі түсінікті ақпарат дайындау тәсілдерін талқылады.

Қорытынды кезеңде эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты түрлі сценарийлер, оның ішінде биологиялық қауіп-қатердің жер сілкінісі сияқты табиғи төтенше жағдаймен қатар туындауы модельденді.

Жаттығу қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер талданып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру бағыттары айқындалды.

ҚДСҰО басшысының кеңесшісі, төтенше жағдайларға дайындық және ден қою жобасының үйлестірушісі Зауре Ахметованың айтуынша, мұндай семинар-жаттығулар қызметтердің бірлескен әрекет етуге дайындығын арттырып, ведомствоаралық өзара іс-қимыл мен ақпарат алмасуды жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл биологиялық қауіп-қатерлер туындаған кезде дер кезінде әрі үйлесімді әрекет ету үшін ерекше маңызды.