Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қазақстанда 40 мыңнан астам балаға екпе ұсынылған мерзімнен кеш салынған


Қазақстанда иммунопрофилактика жүйесінің басты міндеттерінің бірі — профилактикалық егулерді уақытылы жүргізу. Тек 2026 жылдың қаңтар айында қызылшаға қарсы вакцина 35 186 балаға, ал көкжөтелге қарсы вакцина 9 137 балаға ұсынылған мерзімнен кеш салынған. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Иммунопрофилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева Өскемен қаласында өткен «Салауатты өмірдің бастауы — дені сау ұрпақ» республикалық семинар-кеңесінде мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ бірлесіп ұйымдастырған, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған іс-шараға еліміздің жетекші мамандары қатысты. Семинар барысында педиатриялық қызметті дамыту, мектеп медицинасы, иммунопрофилактика және балалар денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелері талқыланды.

Нұршай Әзімбаева өз баяндамасында еліміздің Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесі бүгінде 21 инфекциялық ауруға қарсы вакцинациялауды қамтитынын атап өтті. Қазақстанда жыл сайын 5 миллионға жуық адамға, оның ішінде 1,3 миллион балаға екпе салынады. Вакциналарды сатып алуға мемлекет жыл сайын шамамен 40 млрд теңге бөледі.

Баяндама барысында иммундауды уақытылы жүргізудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Маманның айтуынша, бағдарламаның тиімділігі вакцинациямен қамту деңгейімен ғана емес, екпелердің белгіленген мерзімде жүргізілуімен де бағалануы тиіс. Себебі екпенің кешіктірілуі, әсіресе балалар арасында, вакцинамен басқарылатын инфекциялардың таралу қаупін арттырады.

Нұршай Әзімбаева профилактикалық егулердің уақытылы жүргізілуінде бастапқы медициналық-санитариялық көмек мамандарының рөлі ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы мамандардың кәсіби кеңесі ата-аналардың баласына екпе салдыру туралы шешім қабылдауына және Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесін уақытылы сақтауына елеулі ықпал етеді.