Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

ҚДСҰО медицина қызметкерлеріне арналған иммунопрофилактика бойынша оқыту вебинарларының сериясын бастайды


Сегіз апта бойы еліміздің иммунология, вакцинация, клиникалық медицина және медициналық білім беру салаларындағы жетекші сарапшылары халықты иммундау мәселелері бойынша өзекті ғылыми деректермен, практикалық тәжірибемен және заманауи тәсілдермен бөліседі.

Бағдарламаға жалпы практика дәрігерлері, мейіргерлер, егу кабинеттерінің мамандары, мектеп медицина қызметкерлері, ауылдық амбулаториялардың қызметкерлері және иммунопрофилактика мәселелерімен айналысатын өзге де мамандар қатысады.

Вебинарлар барысында иммунология негіздері мен вакцинация қағидаттарынан бастап иммунопрофилактиканы ұйымдастырудың заманауи тәсілдері, вакциналардың қауіпсіздігі және вакцинация мәселелері бойынша халықпен тиімді байланыс орнату тақырыптары қамтылады.

«Біз бір алаңда жетекші мамандарды, ғалымдарды, оқытушылар мен тәжірибелі практиктерді біріктіре алдық. Осы жобаның арқасында еліміздің түкпір-түкпіріндегі медицина қызметкерлері иммунопрофилактика мәселелері бойынша заманауи, тәжірибеге негізделген және ғылыми дәлелденген ақпарат алып отырады деп сенемін», – деді ҚДСҰО Басқарма төрағасы Эрик Байжүнісов.

Алғашқы вебинар 25 маусым күні өтеді. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымыздағы хабарландыруларды бақылап отырыңыздар.