Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қазақстанда жасөспірімдердің 76%-ы отбасы қолдауын сезінеді


Халықаралық отбасы күні аясында бір маңызды жайтты атап өткен жөн: баланың психикалық саулығының, эмоциялық тұрақтылығының және жалпы әл-ауқатының негізі ең алдымен отбасында қалыптасады. Жақындарының қолдауы, сенімге негізделген қарым-қатынас және күнделікті ашық әңгіме — баланың дамуына және күйзеліске төтеп беру қабілетіне тікелей әсер ететін негізгі қорғаныс факторларының бірі.

HBSC ұлттық зерттеуінің («Мектеп жасындағы балалардың денсаулығына қатысты мінез-құлқы») деректеріне сәйкес, Қазақстандағы жасөспірімдердің 76%-ы отбасынан жоғары деңгейде қолдау сезінетінін атап өтсе, ал мектеп оқушыларының шамамен 90%-ы анамен маңызды тақырыптарды еркін талқылай алатынын айтқан. Бұл көрсеткіштер сенімге құрылған отбасылық орта жасөспірімдердің психикалық саулығы үшін маңызды тірек болып қала беретінін көрсетеді.

Зерттеулер көрсеткендей, отбасындағы жылы әрі қолдаушы қарым-қатынас мазасыздық пен депрессиялық күйлердің даму қаупін төмендетеді, сондай-ақ қауіпті мінез-құлықтың алдын алуға ықпал етеді. Көп жағдайда қарапайым көңіл бөлу, баланың өміріне араласу және оны тыңдай білу — ең тиімді профилактикалық шаралардың бірі.

Отбасылық дәстүрлердің де маңызы зор. HBSC деректеріне сәйкес, Қазақстандағы мектеп оқушыларының 78,4%-ы күн сайын отбасымен бірге тамақтанады. Мұндай ортақ сәттер эмоциялық байланысты нығайтып, сенімді қарым-қатынас қалыптастырады және ата-ана мен бала арасындағы тұрақты диалогқа жағдай жасайды.

Сонымен қатар зерттеулер жасөспірімдер есейген сайын, әсіресе қыз балалар арасында, ата-анамен ашық сөйлесу деңгейі төмендейтінін көрсетеді. Бұл жағдай жасөспірімдердің эмоциялық қажеттіліктеріне мұқият қарау және отбасында сенімді диалог мәдениетін дамыту қажеттігін айқындайды.

MICS ұлттық зерттеуінің мәліметтері бойынша, соңғы жылдары Қазақстанда әкелердің бала тәрбиесі мен дамуына қатысу деңгейі айтарлықтай артқан — 2015 жылғы 6,6%-дан 2024 жылы 18,6%-ға дейін. Екі ата-ананың да белсенді қатысуы баланың эмоциялық тұрақтылығы, өзіне деген сенімі және үйлесімді дамуы үшін маңызды фактор болып табылады.

Жалпы алғанда, отбасы — қолдау мен қауіпсіздіктің, сондай-ақ өмірлік құндылықтардың негізгі қайнар көзі. Дәл осы ортада бала қарым-қатынас жасау, сенім қалыптастыру және өмірлік қиындықтарға төтеп беру дағдыларын меңгереді.