Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Алматы қаласындағы филиалы базасында Дүниежүзілік қол гигиенасы күніне орай ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Іс-шара гибридті форматта ұйымдастырылып, еліміздің әр өңірінен медицина қызметкерлері мен инфекциялық бақылау мамандарын біріктірді.
Семинар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Әрекет өмірді сақтайды» жаһандық науқаны аясында өткізілді. Бұл бастама инфекциялардың алдын алу мен бақылауды күшейтуге бағытталған.
Семинар барысында медицина ұйымдарында инфекциялық бақылауды күшейту, медициналық көмек көрсету кезінде жұғатын инфекциялардың алдын алу, сондай-ақ қол гигиенасын сақтау тәжірибесін жақсарту мәселелері қаралды. Қатысушыларға өзекті эпидемиологиялық деректер ұсынылып, қолданыстағы нормативтік талаптар түсіндірілді және тиімді тәжірибелік тәсілдер талқыланды.

Іс-шараның офлайн бөлігіне Алматы қаласы мен Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттері мен денсаулық сақтау басқармаларының 80 эпидемиолог маманы қатысты.
Онлайн форматта еліміздің басқа өңірлерінен 300-ден астам медицина қызметкері қосылды. Семинар қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.