Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Катамнез орталығымен бірлесіп «Өмірдің алғашқы 1000 күні: ұлт болашағы осы кезеңнен басталады. Ерте араласу, нейродаму және жүйелі шешімдер» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Жиында балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау, дер кезінде қолдау көрсету және Қазақстанда өмірінің алғашқы жылдарындағы балаларға арналған бірыңғай үйлестірілген ерте көмек жүйесін қалыптастыру мәселелері қаралды.
Сарапшылар ерте араласудың заманауи тәсілдерін, қауіп тобына кіретін балаларды сүйемелдеу жолдарын, салааралық мамандардың өзара жұмысын, жүйедегі өзекті кедергілерді және оларды еңсерудің нақты тетіктерін талқылады.

Конференция барысында ҚДСҰО Иммунопрофилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева қызылшаға қатысты қазіргі ахуал, қауіп тобындағы балаларды вакцинациялау және оны жетілдіру жолдары туралы баяндама жасады.
Қазіргі таңда қызылша мен көкжөтел сияқты вакцинамен алдын алуға болатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай өзекті болып отыр. Әсіресе нәрестелер бұл тұрғыда жоғары қауіп тобында. Ерте жаста мұндай инфекциялар ауыр өтіп, баланың ең сезімтал даму кезеңінде жүйке жүйесіне елеулі зақым келтіруі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, уақтылы вакцинация, профилактикалық екпемен қамтуды арттыру және ата-аналардың иммунопрофилактиканың маңызын дұрыс түсінуі — балалар денсаулығын қорғаудың және инфекциялық аурулардың ауыр салдарының алдын алудың негізгі кепілі.