
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Еуропалық иммундау апталығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шараға дәрігерлер, эпидемиологтар, ғалымдар және медициналық жоғары оқу орындарының оқытушылары қатысып, вакцинация мен иммунопрофилактика саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Конференция барысында қатысушылар Қазақстандағы вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша қазіргі эпидемиологиялық ахуалды, иммунопрофилактиканың заманауи тәсілдерін және иммундау жүйесінің тиімділігіне әсер ететін жаңа сын-қатерлерді саралады.
Шара аясында халық денсаулығына елеулі қауіп төндіретін инфекциялардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Сарапшылар адам папилломавирусына қарсы вакцинацияның жатыр мойны обырының алдын алудағы маңызын, тұмауға қарсы қауіп топтарын иммундаудың қажеттілігін, сондай-ақ менингококк, ротавирус және пневмококк инфекцияларына қарсы вакцинацияның өзекті мәселелерін талқылады.


Қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай да кеңінен қаралды. Мамандар балалар мен ересектер арасындағы аурудың өту ерекшеліктерін, инфекциядан кейін туындауы мүмкін асқынуларды және вакцинацияны кейінге қалдырудың сырқаттанушылық деңгейіне әсерін талдады.
Сонымен қатар кейінге шегерілген вакцинация мен ата-аналардың иммундауға қатысты күмәні де назардан тыс қалған жоқ. Сарапшылар екпе мерзімін созу мен вакцинациямен қамтудың төмендеуі инфекциялардың таралу қаупін күшейтетінін атап өтті.
Жиында иммундау жүйесін цифрландыру, вакцинадан кейінгі жағымсыз көріністер туралы халықты уақтылы хабардар ету тетіктері және вакциналардың иммунологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи тәсілдері де талқыланды.
Биыл Еуропалық иммундау апталығы «Вакциналар әр буын үшін жұмыс істейді» ұранымен өтуде. Бұл бастама вакцинацияның денсаулықты қорғаудағы және жұқпалы аурулардың алдын алудағы маңызын кеңінен түсіндіруге, халықтың екпеге деген сенімін нығайтуға бағытталған.