
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде иммунопрофилактика мәселелеріне арналған сараптамалық брифинг өтті.
Еуропалық иммундау апталығы аясында сөз сөйлеген Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Иммунопрофилактика орталығының басшысы Нұршай Әзімбаева вакцинация халықты инфекциялардан қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, инфекциялық аурулар толық жойылып кеткен жоқ, олар тек халық арасында екпемен қамту деңгейі жоғары болғанда ғана бақылауда ұсталады.
Соңғы 20 жыл ішінде елімізде Ұлттық екпе күнтізбесі кезең-кезеңімен кеңейтілді. Оған қызамыққа, b типті гемофильді инфекцияға, пневмококк инфекциясына қарсы вакциналар енгізілді. Ал 2024 жылдан бастап адам папилломасы вирусына қарсы екпе де күнтізбеге қосылды. Бүгінде Қазақстанның екпе күнтізбесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді және дамыған елдердің тәжірибесімен сабақтас.
Иммундаудың нәтижесі нақты көрсеткіштерден анық көрінеді. Соңғы 35 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттану 12 194 жағдайдан жекелеген жағдайларға дейін азайды. А вирусты гепатиті 80 еседен астам, В вирусты гепатиті 94 еседен астам, ал қызамық 180 еседен астам төмендеді. Елде 1996 жылдан бері полиомиелит, 2009 жылдан бері дифтерия тіркелген жоқ. Мұның бәрі жүйелі вакцинацияның нәтижесі.

Сонымен бірге бүгінде алаңдататын кері үрдіс те бар. Соңғы жылдары Қазақстанда қызылша мен көкжөтелге шалдығу жиілеп отыр. Бұл жағдай тікелей екпеден бас тартумен байланысты. Қызылшамен ауырғандардың 75 пайыздан астамы, көкжөтел жұқтырғандардың 89 пайызы — жоспарлы екпе алмаған балалар. Тек 2025 жылдың өзінде ел бойынша шамамен 25 мың екпеден бас тарту дерегі тіркелген. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп.
Брифингте адам папилломасы вирусына қарсы вакцинация мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының шамамен 1900 жаңа жағдайы анықталып, 600-ден астам әйел осы дерттен қайтыс болады. Қазірдің өзінде 11–13 жастағы шамамен 370 мың қыз бала екпе алды. Бұл — онкологиялық аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам.
Қазір еліміздегі иммундау бағдарламасы 21 инфекцияға қарсы қорғануды қамтиды. Вакцинацияда тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген, соның ішінде ДДСҰ сертификаттаған вакциналар қолданылады.