Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Алматыда қоғамдық денсаулық сақтау жүйесінің төтенше жағдайларға дайындығын нығайтуға арналған семинар өтті. Талқылаудың негізгі бағыты төтенше жағдайларды басқару жүйесінің құрамдас бөліктерін жүйелі карталау болды, бұл тәсіл әрекет ету тетіктерін кешенді бағалауға мүмкіндік береді.

Семинарды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Колумбия университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі жанындағы ICAP бағдарламасымен және АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) Қазақстандағы елдік офисімен бірлесіп ұйымдастырды.

Семинар жұмысына денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Ғылыми инфекциялық аурулар ұлттық орталығының, сондай-ақ ҚДСҰО-ның «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының өкілдері қатысты.

Ашылу барысында Алматы қаласындағы АҚШ-тың Бас консулы Мишель Еркин қатысушыларға алғыс білдіріп, инфекциялық аурулардың өршуіне жедел әрекет ету жүйесін күшейту үшін халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызын атап өтті.

Өз кезегінде ҚДСҰО басшысының орынбасары Манар Смағұл ведомствоаралық өзара іс-қимыл қоғамдық денсаулыққа төнетін қауіп-қатерлерге дайындық пен үйлесімді жауап берудің негізгі іргетасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, әрбір сектор халық денсаулығын қорғауға өзіндік үлес қосады.

Семинардың негізгі бөлігінде CDC-нің бас кеңсесінен келген халықаралық сарапшы ұсынған жүйелі карталау әдіснамасы қолданылды. Практикалық бөлімде қатысушылар жұқпалылығы жоғары әрі пандемиялық әлеуеті бар инфекциялық аурулардың әртүрлі өршу сценарийлерін талқылады. Бұл тәсіл жүйенің барлық буындарының өзара іс-қимылын көрнекі түрде бағалауға, оның күшті тұстарын анықтауға және әрекет ету тетіктеріндегі әлсіз тұстарды айқындауға мүмкіндік берді.

Семинарды өткізу қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға әрекет ету жүйесінің жұмысын тұтас түсінуді қалыптастыруға, ведомствоаралық үйлестіруді күшейтуге және дайындық пен әрекет ету бағытындағы біліктілікті арттыру бағдарламаларын жетілдіруге бағытталған.