Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қоршаған ортаның халық денсаулығына әсері және профилактикалық жобаларды дамыту мәселелері Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы сарапшыларының Ұлытау облысына жұмыс сапарының негізгі тақырыбына айналды. 2026 жылғы 23–27 ақпан аралығында Жезқазған қаласында өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық қызметі мамандарына ұйымдастырушылық-әдістемелік және практикалық көмек көрсетілді.

Іс-шараға Ұлттық орталық филиалы — Х.Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, медицина ғылымдарының кандидаты Асхат Досмұхаметов және Орталықтың санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг басқармасының бас маманы Гүлжан Күлбаева қатысты. Сапардың негізгі мақсаты — Ұлытау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандарының халық денсаулығына төнетін қауіп-қатерлерді бағалау және инфекциялық емес аурулардың алдын алу жобаларын сүйемелдеу бағытындағы практикалық дағдыларын нығайту болды.

Оқыту жұмыстары тікелей жұмыс орындарында ұйымдастырылып, Жезқазған және Сәтбаев қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына көшпелі сапарлармен жалғасты. Онда қоршаған орта факторларын бағалау және олардың халық денсаулығына ықпалын анықтау бойынша нақты тәжірибелік жағдайлар қарастырылды. Әсіресе қауіп-қатерлерді бағалау материалдарына санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу, атмосфералық ауа мен ауыз су сапасын талдау, сондай-ақ қоршаған ортаның ластануы мен денсаулық көрсеткіштері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды айқындау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сапар барысында профилактикалық бастамалардың іске асырылуы да бағаланды. «Денсаулықты нығайтатын мектептер» жобасы Жезқазған қаласындағы №8 гимназия базасында, ал «Салауатты университеттер» жобасы О.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде қаралды. Сонымен қатар өнеркәсіп секторымен өзара іс-қимылға ерекше көңіл бөлініп, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС санитариялық дәрігерлерімен «Салауатты жұмыс орындары» жобасына кәсіпорындардың қатысуы мәселелері бойынша дөңгелек үстел өткізілді. Кездесу барысында қатысу критерийлері мен өзін-өзі бағалау құралдарын қолдану тәртібі түсіндірілді.

Іс-шараларға департаменттің аумақтық басқармаларының мамандары да қатысып, қауіп-қатерлерді бағалау мен профилактикалық бағдарламаларды іске асыруда бірыңғай тәсіл қалыптастыруға мүмкіндік берді. Сарапшылардың пікірінше, тәуекелге бағдарланған санитариялық мониторинг жүйесін дамыту және салауатты орта қалыптастыру жобаларын енгізу — қауіп факторларын азайтуға және халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталған заманауи профилактикалық медицинаның маңызды құралдарының бірі.