Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

2026 жылғы 18–20 ақпан аралығында Атырау облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының Облыстық перинаталдық орталығында инфекциялық бақылау мәселелеріне арналған үш күндік мастер-класс өтті. Оқытуды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық бақылау және антимикробтық төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Агажаева жүргізді.

Мастер-класс барысында инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау жүйесін (ИАИБ) қалыптастыру, медициналық көмек көрсетуге байланысты инфекциялардың алдын алудың практикалық тәсілдері, сондай-ақ антимикробтық төзімділікті тежеу шаралары негізгі назарда болды.

Бағдарлама теориялық бөлім мен практикалық жұмысты қамтыды. Қатысушылар ИАИБ жүйесінің негізгі құрамдас бөліктерін қарастырып, перинаталдық орталық бөлімшелерінде тәжірибелік сабақтар өткізді, қолданыстағы үдерістерді талдап, оларды жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар әзірледі.

Босандыру ұйымдарында инфекциялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету медициналық көмектің сапасын арттырудың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Практикаға бағытталған оқыту медицина қызметкерлеріне күнделікті жұмыс үдерістерін жетілдіруге, ауруханаішілік инфекциялар қаупін төмендетуге және аналар мен жаңа туған нәрестелер үшін қауіпсіз жағдай жасауға мүмкіндік береді.