
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰО)
«Нипах вирусы бойынша эпидемиологиялық жағдай, инфекцияны диагностикалау, емдеу және алдын алу» тақырыбында онлайн-вебинар өткізді.
Іс-шара көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің мамандарына, сондай-ақ әуежайлар, теміржол вокзалдары мен теңіз порттарының медицина қызметкерлеріне арналды. Вебинар әлемдегі ағымдағы эпидемиологиялық жағдайды, оның ішінде Үндістан мен Бангладеште тіркелген ауру жағдайларын ескере отырып ұйымдастырылды.




Вебинарға 90-нан астам маман қатысты. Бағдарлама аясында аурудың клиникалық көріністері, ауруға күдікті пациенттерді жүргізудің заманауи тәсілдері, инфекцияның елге әкеліну қаупі және жүзеге асырылып жатқан эпидемияға қарсы іс-шаралар, сондай-ақ уақтылы зертханалық диагностика жүргізу үшін сынамаларды іріктеу мен тасымалдау алгоритмдері қарастырылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда Нипах вирусына қатысты жаһандық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері елге Үндістаннан 18 мыңнан астам адам келді. Инфекциялық ауру белгілері бар адамдар анықталған жоқ. Ұлттық оралық эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерге сапар жоспарлап отырған азаматтарға жеке профилактика шараларын сақтауды және денсаулық сақтау органдарының ұсынымдарын орындауды ұсынады.