Қоғамдық денсаулық сақтау
ұлттық орталығы

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы маймыл шешегінің (mpox) алдын алу, диагностикасы және науқастарды жүргізу мәселелеріне арналған вебинар өткізді. Іс-шараға медициналық ұйымдардың, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының және зертханалық қызметтердің 300-ге жуық маманы қатысты.
Вебинар барысында қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы өзекті ақпарат ұсынылып, күдікті жағдайлар анықталған кезде жүргізілетін алдын алу және эпидемияға қарсы іс-шаралардың алгоритмдері қарастырылды. Сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимыл және медициналық ұйымдардың ықтимал науқастарға дайындық деңгейі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар аурудың этиологиясы, клиникалық ағымының ерекшеліктері және пациенттерді жүргізу тәсілдерімен танысты. Жеке бөлім зертханалық диагностикаға арналды. Онда қоздырғышты анықтаудың заманауи әдістері, биоматериалды алу, сақтау және тасымалдау талаптары түсіндірілді.
Маймыл шешегі — жұқпалы ауру. Ол теріде бөртпе шығуымен, лимфа түйіндерінің ұлғаюымен, дене қызуының көтерілуімен, бас және бұлшықет ауруымен, арқаның сырқырауымен және жалпы әлсіздікпен сипатталуы мүмкін. Ауру жұқтырған адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде, ластанған заттар арқылы немесе жұқтырылған жануарлармен байланыс барысында берілуі ықтимал.