Қазақстанда кейінгі тәулікте 7034 адамнан коронавирус анықталды, 7 416 адам жазылып шықты. Түркістан облысынан басқа өңірлердің барлығы “қызыл” аймақта. Алайда Цойдың айтуынша, кейінгі үш аптада елімізде эпидахуал біртіндеп тұрақталып келеді.
“Аптасына орташа есеппен 53 мың жаңа жағдай анықталады. 1 тамыздан бастап коронавирус таралу индексі 14 пайызға төмендеді. Ауруханалардағы төсек-орындардың 53 пайызы бос емес, ал реанимациялық орындардың 47 пайызында науқастар жатыр. Инфекциялық төсектері салыстырмалы түрде бос емес өңірлер: Ақтөбе облысы – 69 пайыз, Қызылорда облысы – 66 пайыз, Алматы облысы – 64 пайыз”, – деді Цой.
18 тамыздағы мәлімет бойынша, жалпы 120 313 адам коронавирус инфекциясынан (115 214 КВИ+ және 5 099 КВИ-) емделіп жатыр.
Цойдың айтуынша, тәулік басында реанимацияға түскендердің үлесі – 40 пайыз.
“Бұл өте жұқпалы “дельта” штамы мен адамдардың өзін-өзі емдеуі, медициналық көмекке уақытылы жүгінбеудің салдары”, – деді министр.
Бүгінде Қазақстанда вакцинаның бірінші компанентін 6,1 миллион адам, екіншісін 4,8 миллион адам алған.
“Вакцинация бойынша көш бастап тұрған алты өңір: Алматы, Шымкент, Түркістан облысы, СҚО, ШҚО, Қызылорда облысы. Ал бірінші дозаны алғандар саны ең аз өңір – Маңғыстау облысы (35 пайыз)”, – деді Цой.
Ол барлық өңірге қытайлық Sinopharm шығаратын вакцинаның бірінші партиясы жеткізілгенін айтты.
Дереккөз: https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/tsoy-elde-al-de-koronavirustan-uyde-emdeletnder-baryin-446089/