Қазақстанда кейінгі апталарда коронавирус жұқтыру көрсеткіші күрт өсіп, барлық дерлік өңір “қызыл” аймаққа өтті. Оның себебін ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова түсіндірді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
“Ең алдымен бұл омикронның өз қасиеттеріне байланысты. Омикрон штамы жылдам таралады, жағдайлар саны еке есе көбейетінін бұған дейін де айтқанбыз. Инкубациялық кезең қысқарды – 3-4 күн. Оған қоса адам ауру белгілері пайда болғанға дейін екі күн бұрын және жазылған соң екі күн жұқпалы болады.
Жаңажылдық мерекелерде адамдардың бір-бірімен етене араласуы, ішкі және сыртқы миграция және елімізде болған тәртіпсіздіктер коронавирустың таралуына, әрине, әсер етті. Фактор көп. Барлық өңірде өсім бар. Қазір түркістан облысынан басқа барлық өңір “қызыл” аймақта”, – дейді Айжан Есмағамбетова.
Ол омикрон жұқтыру жағдайларының өсуін тек тәртіпсіздіктермен байланыстырмайтынын айтты.
“Омикрон 16 желтоқсанда елде болғаны анықталды. Жалпы елдегі жағдайға келер болсақ, 1 қаңтардан бері 170 мың жағдай анықталды. Осы дерекке қарап отырып-ақ аурудың өте жылдам тарап жатқанын көруге болады”, – деді ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы.
Еске салайық, Қазақстанда өткен тәулікте 9 мыңнан аса адамнан коронавирус анықталды. Елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1 166 697-ге жетті.