АҚТҚ және ЖҚТБ дегеніміз не?
АҚТҚ – адамның қорғаныш тапшылық қоздырғышы. АҚТҚ басқа вирустар сияқты өте ұсақ микроорганизмдер, оларды кәдімгі микроскоп арқылы көру мүмкін емес. Вирустар көптеген жұқпалы ауруларды қоздырады: тұмау, герпестен бастап қатерлі ісіктің кейбір түрлері.
Адамға АҚТҚ жұққан жағдайда, вирус иммунды жүйені терең зақымдап, оның қорғаныш қабілетін төмендетеді. АҚТҚ жұқпасы бірнеше кезеңнен тұрады.
ЖҚТБ – АҚТҚ жұқпасының соңғы сатысы болып табылатын, жүре пайда болған қорғаныш тапшылық белгісі.
ЖҮРЕ ПАЙДА БОЛҒАН – тұқым қуаламайды, яғни адамнан адамға өмір сүру барсында немесе анасынан баласына жұғады.
ҚОРҒАНЫШ (ИММУННИТЕТ) – адам ағзасының әр-түрлі патогенді микроорганизмдерден қорғанысын қамтамасыз ететін бір маңызды жүйесі.
ТАПШЫЛЫҚ (ДЕФИЦИТ) – иммунды жүйе тарапынан патогенді микроорганизмдерге қарсы жауаптың әлсіреуі немесе болмауы.
БЕЛГІСІ (СИНДРОМ) – белгілі бір ауру немесе жағдайды көрсететін белгілер мен симптомдар жиынтығы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) терминологиясына сәйкес, ЖҚТБ – ағзаның жұқпалы және қатерлі ісік ауруларына қарсы тұруына кедергі жасайтын вирусты ауру. ЖҚТБ-мен ауыратын науқастарды АҚТҚ-жұқпасы емес, дәл осы оппортунистік аурулар летальдік жағдайға алып келеді. ЖҚТБ жиі орталық жүйке жүйесі зақымдалады, ол өз кезегінде психикалық және неврологиялық ауруларға алып келеді.
АҚТҚ-вирусы – бұл жай вирус емес, өйткені жұқтырған адамда бірнеше жыл бойы ешқандай белгі болмай, сау сияқты жүре береді. Бірақ вирус ағзада біртіндеп көбейе береді, сол арқылы иммунды жүйенің бір бөлігі – ақ қан түйіршіктерін зақымдайды. Адам ЖҚТБ-ны жұқтырғанымен, бірден симптомдары көрінбейді және осы қалыпта 10 шақты жыл жүре беруі мүмкін.
ЖҚТБ-да арнайы белгілері жоқ, сондықтан сыртқы келбетінен ондай адамдарды айыру мүмкін емес. АҚТҚ-жұқпасын тек зертханалық зерттеу жолымен анықтайды.
Осыдан шығатыны:
- ешқандай күдіксіз АҚТҚ-жұқпасымен жүре беруге болады;
- АҚТҚ-жұқпасы туралы білмей, басқа адамдарға жұқтыруға болады.
Қазіргі таңда АҚТҚ вирусын жоятын ешқандай дәрі жоқ, бірақ ЖҚТБ-ның дамуын баяулататын дәрі- дәрмектер бар.
Жұғудың алдын- алатын вакцина да жоқ.
Сонымен, АҚТҚ және ЖҚТБ бір ұғым емес. АҚТҚ – бұл иммунды жүйені зақымдайтын вирус, ал ЖҚТБ – АҚТҚ-жұқпасы бар адамда төмен иммунитет фонында дамитын аурулар тобы.
АҚТҚ берілу жолдары
АҚТҚ вирусы кездесетін ағзаның сұйықтықтары: қан, сперма, қынаптық бөліністер, емшек сүті.
АҚТҚ берілуінің 3 жолы бар:
1. Жыныстық жол
2. Қан арқылы (ағзаға жұқтырылған қан түскен жағдайда)
3. Анадан нәрестеге
Жыныстық жол
Презервативсіз жыныстық қатынас кезінде болады. Микрожарақат арқылы қан, сперма немесе қынаптық бөліністермен жұғуы мүмкін.
Жыныс мүшелерінің жұқпалы аурулары (мерез, гонорея, генитальді герпес, трихомониаз және т.б.) АҚТҚ берілу қаупін жоғарылатады.
Неғұрлым сексуалды серіктестері көп болған сайын, соғұрлым АҚТҚ-жұқпасы бар адамды жолықтыру қаупі жоғары. Бірақ, бір ғана қорғанусыз (презервативсіз) жыныстық қатынастың өзі АҚТҚ-жұқпасын жұқтыруға жеткілікті.
Қан арқылы
Ең қауіптісі есірткілік заттарды инъекция арқылы қолдану болып табылады, яғни АҚТҚ вирусы инъекционды аспаптарды ортақ қолданған кезде қанға өтіп кетеді. Егер инъекциялық есірткі тұтынушыда АҚТҚ-жұқпасы болса, одан кейінгі осы инені қолданған адамның вирусты жұқтыру ықтималдығы өте жоғары.
АҚТҚ вирусы сыртқы ортада тұрақсыз болып келеді, бірақ қанда қалдығында, шпритің ішінде ұзаққа дейін сақталады. Ине немесе инънекциялық заттардағы қан қалдығы кейде байқалмай да қалады. Ал оны сумен жуу АҚТҚ бар қаннан толық тазартпайды. Сондықтан АҚТҚ- мен жұқтырылған шприцті қолданған келесі тұтынушы өзін міндетті түрде осы вируспен жұқтырады. Егер залалданған шприцті бірнеше адам қолданатын болса, олардың әрқайсысының АҚТҚ жұқтыру қауіп-қатері бар. АҚТҚ-ның жұғуы қан немесе оның компоненттерін құю, мүшелер мен тіндерді қондыру, залалсыздандырылмаған аспаптар арқылы, құлақ тесу, татуаж жасау, пирсинг кезінде болуы мүмкін.
АҚТҚ-мен қан тапсыру кезінде емес, керісінше АҚТҚ бар донордан қан алғанда жұғады.
АҚТҚ бар анадан баласына жүктілік кезінде («тігінен»), босану кезінде, емшекпен емізу кезінде жұғады.
Егер де АҚТҚ-мен ана бала көтергісі келсе, бірінші арнайы маманмен кеңесуі қажет.
АҚТҚ қандай жолдармен берілмейді
АҚТҚ вирусы қоршаған ортада өте тұрақсыз келеді және ағзадан тыс жерде тез жойылып кетеді, сондықтан вирустар ауа арқылы, топырақ, айналадағы заттар арқылы берілмейді. Адамдар жай тұрмыстық қатынастар кезінде жұғып кетуден қатты қорқады. Бірақ бұлай істеудің қажеті жоқ.
АҚТҚ жұқпайтыны:
- қол беріп амандасу кезінде;
- сүйісу кезінде, құшақтасқанда;
- бір кітапты, қаламсапты, басқа да тұрмыстық заттарды бірге қолданған кезде;
- бір дәретханаға, бассейнге барған кезде, себебі вирус сілекей, зәр арқылы жұқпайды;
- бір көлікті қолданған кезде;
- маса, кене және басқа да жәндіктер шаққан кезде;
- жөтелу немесе түшкіру кезінде.
Құрамында АҚТҚ вирусы бар, бірақ жұғуға керекті мөлшерде болмайтын ағза сұйықтықтары: сілекей, жас, тер, зәр.
АҚТҚ сүйісу кезінде жұға ма?
Жай сыртынан, «құрғақ» сүю кезінде ешқандай қауіп жоқ. Ал терең сүйіскеннің өзінде АҚТҚ сүйісу кезінде ауыз қуысында ашық жаралар болса ғана жұғады. Ал сілекей құрамында жұғуға қажетті АҚТҚ мөлшері жоқ.
Масалар АҚТҚ вирусын тарата ала ма?
Масалар АҚТҚ-ны тасымалдай алмайды. Вирусты биттер, кенелер, сіркелер де тасымалдамайды. Масалар безгек қоздырғышын тасымалдайды, бірақ АҚТҚ вирусын тасымалдайды деуге ешқандай негіз жоқ. Маса қанды сорады, бірақ сыртқа шашпайды.
АҚТҚ-жұқпасына тексеру
АҚТҚ-жұқпасына қарсы антиденелерді анықтайтын бірнеше сынақтар бар. Ол сынақтан өту үшін ЖҚТБ-ның алдын-алу және күрес орталығына немесе осындай сынақ жүргізетін басқа да медициналық мекемелерге қан тапсыру қажет. Талдау үшін көктамырдан аз ғана қан алынады. Талдау нәтижесі әдетте екінші күні дайын болады. Пациенттің өтініші бойынша зерттеуді анонимді түрде жүргізуге болады.
Мұндай талдау вирусты емес, оған қарсы түзілген антиденелерді анықтайды, сондықтан талдауды ағза жеткілікті мөлшерде антиденелер түзген кезде жүргізу керек.
Антиденелер АҚТҚ жұққаннан соң 3-4 аптадан кейін түзіледі, кейде бұл мерзім 3-6 айға дейін созылады. Ағзада вирус болып, бірақ талдауда анықталатындай антиденелер мөлшері түзілмесе, мұндай кезең «терезе» кезеңі деп аталады.
Егер сынақ оң болса, АҚТҚ-ға қарсы антиденелер анықталса, адам АҚТҚ-мен жұқтырылған деп есептеледі. Бірақ диагнозды нақтылау үшін басқа да зертеу әдістерін жүргізу қажет.
Сынақ теріс болған жағдайда, адам жұқтырылмаған немесе жұққан жағдайда да жеткілікті мөлшерде антиденелер түзілмеген дегенді білдіреді. Сынақтың теріс екендігіне толық көз жеткізу үшін зерттеуді қайталау керек.
Күмәнді нәтиже – алған нәтижені толық интерпретациялауға мүмкіндіктің жоқтығын білдіреді және мұндай жағдайда зерттеуді бір айдан кейін қайта жүргізу керек.
АҚТҚ-дан қорғану әдістері
- жауапкершілікпен өмір сүру, ерте сексуалды қатынастардан бас тарту;
- тек бір ғана, сенімді серіктестің болуы, егер ол серіктесі бұрын қорғансыз жыныстық қатынасқа түскен болса, оған міндетті түрде тексеруден өту қажет.
- әр жыныстық қатынас кезінде презервативті қолдану.