Астанада 12 және 13 желтоқсанда ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросы мен Қазақстан ЮНФПА-ның қолдауымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы (ҚДСҰ) ұйымдастырған «COVID-19 пандемиясының шындығы: балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы басты назарда» атты субөңірлік конференция өтуде. Қазақстанда Балалар жылы деп жарияланған 2022 жылдың соңына Конференция ұштастырылып, өткізіледі.
Еуропа мен Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау саласындағы сарапшылары мен зерттеушілері пандемия кезінде алған тәжірибелерімен және сабақтарымен бөлісті, COVID-19-дың өңір елдеріндегі балалар мен жасөспірімдердің физикалық және психикалық денсаулығын сақтауға қалай әсер еткенін талқылады, сондай-ақ қандай цифрлық шешімдер білім берудің үздіксіздігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар балаларға арналған денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бергені туралы әңгімелесті.
«Көптеген проблемалар мен қауіптерге тап болған біздің балаларымызға саламатты өмір салтын енгізу үшін ақпарат пен қызметтер қажет. Бұл бағытта саламатты өмір салтын қалыптастыру, дұрыс тамақтану, ауыз сумен қамтамасыз ету, балалардың дене белсенділігін арттыру шараларын күшейту арқылы сыныптардағы денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік беретін «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» жобасы сәтті өтуде. COVID-19 пандемиясымен байланысты қиындықтарға қарамастан, ДДҰ-ның елдегі офисінің қолдауымен денсаулықты нығайтуға бағытталған мектептерді құру бойынша жұмыс жалғасуда», – деп Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник өзінің алғы сөзінде атап өтті.
Конференция барысында спикерлер мен қатысушылар мектептердегі дене белсенділігі мен дұрыс тамақтану мәселелерін талқылап, балалардың жарақаттануы және оқушылардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы тақырыбын қозғады, оған тиісті зерттеулерді Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұсынды. Бұл тақырып Қазақстанда «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер» бастамасын іске асыру шеңберінде ерекше маңызды болды.
Конференцияда мектеп оқушыларының денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мінез-құлқын бақылау жөніндегі ұлттық зерттеудің (HBSC) нәтижелері ұсынылды. Бұл зерттеуді 2022 жылы «Дені сау ұлт» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде ҚР ДСМ ҚДСҰО жүргізді.
«Карантин, мектептердің жабылуы және онлайн оқытуға көшу, физикалық қашықтық және басқалары сияқты COVID-19 пандемиясымен күресу шаралары психикалық денсаулыққа – 32,8%, мектептегі үлгерімге – 40,2% және дене белсенділігіне – 37,3% теріс әсер етті. Зорлық-зомбылық пен жарақаттанудың алдын алу кезінде дұрыс тамақтануды, білім беруді және медициналық қызметтерге қол жеткізуді қамтамасыз етудің барлығы бүкіл өңір мен әлемде балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен әл-ауқаты үшін қажет», – деп атап өтті ҚДСҰО Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақова.
Форумның тағы бір маңызды тақырыбы жасөспірімдердің психикалық денсаулығы болды. Сарапшылар психикалық денсаулықты жақсарту және жасөспірімдерге көмек көрсету бойынша ғылыми негізделген шараларды талқылады және цифрлық кеңістікте психикалық денсаулықты сақтау үшін жағдай жасау бойынша ұсыныстар енгізді.
Жастарға қолайлы денсаулық сақтау қызметтері де назарда болды. Осылайша, Молдова, Армения және Қазақстан өз тәжірибелерімен бөлісті. Біздің елімізде жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтаудың маңызды ресурсы жастар денсаулық орталықтарының желісі болып табылады, тек өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 180-ге дейін өсті.
Жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын сақтауға арналған сессияда сөйлеген сөзінде ЮНФПА-ның жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі бағдарламалық талдаушысы Серік Тәңірбергенов:
«Бүгінгі дені сау жасөспірімдер – болашақтағы дені сау ұлт. Қазақстанда құқықтық реформалар жүргізу нәтижесінде 16 жастан асқан жастар жастарға қолайлы медициналық қызметтерді дербес және тегін ала алады», – деп атап өтті.
Конференцияның екінші күнінің басты оқиғасы, 13 желтоқсан, ДДҰ мен ЮНФПА-ның Жыныстық және репродуктивтік денсаулық мәселелері жөніндегі «алмасу арқылы оқыту» веб-порталының өңірлік іске қосылуы болды. Порталда елдердің тәжірибесі және ересектер мен балалардың жыныстық және репродуктивтік денсаулығы мәселелерін шешу құралдары ұсынылған. Конференцияны ұйымдастырушылардың, пікірінше портал медицина қызметкерлері мен жалпы жұртшылық үшін фактологиялық және ғылыми негізделген ақпараттың тағы бір маңызды ресурсы болады.
Дереккөз: https://ortcom.kz/kk/novosti/1670906605