Жасы ұлғайған сайын артық салмақ жинап, түрлі ауруды жамап, ахуалын қиындатып алатын адамдар аз емес. Ал семіздікке ерте жастан ұшырау бұл дертпен бірге дендейтін ауруларды асқындырып, өскелең ұрпақтың денсаулығына зор зиян келтіреді. Сондықтан балалардың тал бойына әуелден баса мән беріп, дұрыс тамақтануын, физикалық қозғалысын жіті қадалаған жөн.
Қазақстанда балалардың семіздігіне мониторинг жүргізудің ұлттық жүйесі жұмыс істейді. Балалардың артық және жеткіліксіз дене салмағының таралуын қадағалау халықаралық бақылау стандарттарына сәйкес келетін өлшемдер мен сауалдамалар жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл зерттеуді ДДҰ-ның Балалар семіздігін эпидемиологиялық қадағалау жөніндегі бастамасы (COSI) шеңберінде біздің елде Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізеді. 4-5 жылда бір жүргізілетін бұл зерттеу соңғы рет 2020 жылы жасалған. Бұл ретте аталған орталықтың басқарма төрағасының міндетін атқарушы Жанар Қалмақовамен сөйлесіп, біраз мәліметке қанықтық.
– Кейінгі зерттеу қорытындысы бойынша 6-9 жастағы балалардың ішінде артық салмағы бар балалардың үлесі 20,6%-ды құрады. Ал 6,6% бала семіздікке шалдыққан, оның ішінде шамадан тыс семіздікке шалдыққан балалардың үлесі – 1,6%. Зерттеу барысында өңірлердегі ахуалды бағамдағанда солтүстік өңірлердегі балаларда семіздік көптеп кездесетіні байқалған. Бұған әсер еткен бір фактор ретінде осы өңірлердегі балалардың көкөністер мен жеміс-жидекті аз тұтынатынын айтуға болады. Сондай-ақ жалпы балалар арасында таңғы ас ішу едәуір жоғарылаған және физикалық белсенділік аз. Мысалы, спорт және би секцияларына қатысатын балалардың үлесі – 30,1% ғана, яғни қалғанының бәрінде белсенді қозғалыс аз. ДДҰ-ның ұсынымы бойынша бала күніне 1 сағаттан артық белсенді қозғалу керек. Ал біздің елде дәл осынша уақыт күнделікті дене белсенділігімен айналысатын балалардың үлесі 86,8%-ды құрап отыр. Бұған қоса балалардың 33,9%-ы күніне екі сағат немесе одан да көп уақытты теледидар мен басқа да электронды құрылғылар экранының алдында өткізеді, – деді Ж.Қалмақова.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өкілінің келтірген дерегі бойынша, балалардың семіздігіне ықпал ететін факторлар қатарында тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну аталады. Атап айтқанда, балалардың 16,7%-ы күн сайын тәтті сусындарды ішеді, ал 30,8%-ы аптасына 4-7 күн ішеді екен. Сондай-ақ аз қозғалатын, экранға телмірген балалардың ұйқысы да жеткіліксіз екен. Мысалы, 35,7% бала тәулігіне 9 сағаттан аз ұйықтайды.
Сонымен қатар семіздікке қыздарға қарағанда ұлдар көбірек шалдығады екен: артық салмағы бар қыздардың үлесі – 17,6%, ұлдардың үлесі – 23,6%. Бұған қоса ауылдық жерлерге қарағанда көбіне қалада тұратын балалар толып кетеді: артық салмақтағы ауыл балалары – 17,5%, қала балалары – 23,1%.
Жақында Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиялық бақылау комитеті балалар арасындағы семіздіктің алдын алу бойынша жаңа мағлұматпен бөлісті. Сол ақпаратқа сүйенсек, Ақтөбе облысында өткен жылы 14 жасқа дейінгі балаларда 75 семіздік ауруы тіркеліпті. Бұрнағы жылы бұл дертке 89 бала шалдыққан.
«Бұл топтағы балалардың семіздіктің таралу деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 28,7 көрсеткішті құрайды (2020 жылы – 34,1). 0-14 жас аралығындағы балалардағы семіздіктің таралу деңгейінің көрсеткіші айтарлықтай төмендеуіне қарамастан, Мұғалжар (42,4) және Темір аудандарында (41,0) семіздіктің таралу деңгейінің өскендігі байқалады. Сонымен қатар балалардың семіздік бойынша аурушаңдық деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда облыстық көрсеткіштен (28,7) Ақтөбе қаласында (41,3), Мұғалжар ауданында (42,4) және Темір ауданында (41) асып түсті», делінген аталған ақпаратта.
Статистика бойынша, толық балалардың 30-80%-ы өсе келе толық ересектерге айналады. Семіздіктің қауіптілігі – оның көптеген созылмалы жұқпалы емес аурулардың пайда болу қаупін едәуір арттыруында. Мысалы: созылмалы жұқпалы емес аурулардың ішінде диабеттің 44%-ы, жүректің ишемиялық ауруының 23%-ы, онкологиялық аурулардың 7-41%-ы семіздіктен туындайды. Оның үстіне балалық шақта болған семіздік ересек жастағы жүрек-қантамыр ауруларының, ортопедиялық мәселелердің, психикалық бұзылыстар мен денсаулықтың басқа бұзылыстардың даму қаупін арттырады. Артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдердің 80%-ға жуығында артериалдық қысым бар, 25%-ы диабет алды, 35%-ы бауырдың майлық ауруына шалдыққан.
«Ауру – астан» дегендей, сан алуан аурудың себебі семіздікке соқтыратын ең алдымен бұл – дұрыс тамақтанбау. Сондықтан ата-аналар балаларының дені сау, болашағы жарқын болып өсуі үшін осы мәселеге баса мән беру керек. Бұл үшін, мамандардың айтуынша, калориясы жоғары және құндылығы төмен өнімдерді тұтынуды реттеуді қолға алу маңызды.
Бұған қоса ата-аналар кішкентайларының дене белсенділігін арттыруды қаперде ұстаған дұрыс. Бұл ретте мамандар теледидар көру, гаджетпен ойнау, интернет қарау шегін күніне 2 сағаттан асырмаған жөн екенін айтады. Сондай-ақ балалардың аула ойындарын, футбол, баскетбол сияқты ойындарды ұдайы ойнауына мүмкіндік жасау керек.Әрине, ата-ана балаға сөзімен емес, ісімен үлгі болғаны абзал. Бұл ретте аталған дағдыларға үлкендер тарапы да бейім болып, ерік-жігерін көрсетуі маңызды. Бастысы, балалардың болашағы өз қолымызда екенін ұмытпаған жөн.
Дереккөз: https://egemen.kz/article/312212-semizdiktinh-bala-bolashaghyna-zardaby-kop