Мәселенің мәнісі
Елімізде балалардың 35 пайызға жуығы күніне екі және одан да көп сағат экранға телміреді екен. Мұндай қорытынды Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізген, 6 851 оқушы қатысқан көлемді зерттеуіне сүйеніп айтылған. Орталық өкілі Жанар Қалмақова: «Қазақстандағы балалардың 33,9 пайызы күн сайын екі және одан да көп сағатын түрлі құрылғылар экранының алдында өткізеді. Бұл көрсеткіш қалаларда 37,2 пайызды, ал ауылдық жерлерде 30 пайызды құрап отыр. Осының салдарынан бала көп қимылдамай, көзінің көру қабілеті нашарлайды. Сондықтан балалардың теледидар, телефон, компьютер немесе планшеттен түрлі мультфильм көріп, осындай құрылғыларда ойын ойнауын шектеу керек», деді.
Біз көбіне үйдегі балалар телефонға телмірсе, көзін құртатын болды ғой деп алаңдаймыз. Жоғарыда маман да соны тілге тиек етіп тұр. Алайда біз байқай бермейтін тағы бір зияны бар. Бұл – бала тілінің кеш дамуы, кей жағдайда мүлдем шықпауы. Әнеукүні бір танысымыз баласы 3 жастан асса да тілі шықпағанын, туғалы планшеттен бас алмағанын айтты. Аты-жөнін көрсетуді қаламаған қызылордалық ата-ана:
– Қызым мектепте оқиды. Пандемия басталған кезде 1-сыныпқа барып, ең маңызды уақытта қашықтан оқып қалғандықтан, оған көп көңіл бөлдім. Ал 1 жасар ұлымды көбіне тек тыныштандырудың жолын іздедім. Сөйтіп, жылай қалса, телефон ұстата салатынмын. Кейін өзіне планшет алып бердік. Мультфильм көріп, тыныш отырады. Соған өзім де қанағаттанатынмын. Қазір сол ұлым үш жастан асты. Әлі тілі толық шықпады. Сөздік қоры – 1 жасар баланікіндей. «Әкел, бар, бер, мама, әке» дегенді ғана біледі. Қазақ болған соң, қонақ келмей тұрмайды. Бір күні ауылдан екі жастан енді асқан қызын ертіп туысымыз келді. Қызы тақылдап тұр. Туысымыз «Балаң үштен асса да неге сөйлемейді? Психологқа апарсаңшы» дегенде үстімнен суық су құйып жібергендей болдым. Психолог десе, үрке қарайтын әдетіміз ғой. Қонақтарды шығарып салғаныма бірнеше күн өтсе де әлгі сөз ойымнан кетпеді, – дейді екі баланың анасы.
Кейіпкеріміз ақыры психологқа барыпты. Сөйтсе, маман баланың планшетін алып, не көріп жүргеніне анализ жасап болғаннан кейін «Кейіпкерлері сөйлемейтін мультфильмдер көрсе, бала қалай сөйлейді? Балада да сөйлесу дағдысы жоқ. Өйткені онымен сіздер де сөйлеспейсіздер. Бұл баламен ата-анасы мен логопед жұмыс істеуі керек» депті.
Қызметі қымбат логопед
Иә, мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалардың тіліндегі кемшіліктерді түзетумен логопед маман айналысады. Алайда осы маманның қызметі барлық балаға қолжетімді ме? Біздіңше, жоқ. Логопед қызметін ұсынатын түрлі дамыту орталықтарының ресми парақшалары мен жарнама порталындағы хабарландырулар арқылы журналистік зерттеу жүргізіп көрдік. Логопед қызметінің құны әр қалада әртүрлі. Мәселен, Атырау қаласындағы бір дамыту орталығында үш жастан асқан баланың тілін дамытатын логопедтің бір курсы 30 мың теңге тұрады екен. Бір курста 40 минуттық 10 сабақ болады. Орталықтың ресепшн қызметкері көп жағдайда балаларға бір курс жеткіліксіз болатынын жеткізді.
Ал ел астанасындағы баға тіпті құбылмалы. Бір жерде логопед қызметін алудың құны бір балаға айына 70 мың теңгені құраса, енді бір жерде 25 мың теңге болады екен. «Не деген арзан?» десек, күн сайын бір сағат, бірақ қашықтан қызмет ететін болып шықты. Қызметіне логомассаж үйрету; нейрожаттығулар (дистибуляр және проприоцепция); саусақ, тіл, тыныс, т.б. 30 шақты жаттығу-ойын; анаға психо-терапия; нейрокоррекция жаттығулары; медицина мамандарына жолдау, витаминдер ұсыну кіретін көрінеді.
Қай-қайсысына хабарлассақ та алдымен баланы көрсетіп, кеңес алуды ұсынады. Консультация да көбіне ақылы. Курс мерзімі баланың тіл дамуындағы жағдайға байланысты болады екен. Біз өзі ауруымыз асқынғанда ғана дәрігерге жүгіретін халықпыз ғой. Соған сүйенсек, өмірдегі тәжірибеге салсақ, ата-аналардың басым бөлігі баласына логопед көмегінің керек екенін үш, тіпті төрт жастан кейін ғана түсініп жатады. Бұл немқұрайдылық па, әлде үміттеніп жүріп уақыт жоғалту ма?
Ата-ананың білімі маңызды
Тәжірибелі маман, елордадағы «Қарлығаш» балабақшасының логопеді Роза Қыдырбайқызы бала дамуында ата-ананың білімі маңызды екенін айтады.
– Ата-ана бала дамуындағы қарапайым ерекшеліктерді білгені жөн. Сонда ол өз сәбиіне қандай маманның көмегі керек екенін шамалай алады. Сіз жоғарыда менен «Ата-ана баласына логопед көмегінің керегін қалай, қашан біле алады?» деп сұрадыңыз. Біз кез келген кемшілікті, ақауды, аурудың белгілерін неғұрлым ертерек анықтасақ, соғұрлым оны жою, жеңу жеңілге түседі. Сондықтан жаңағы проблемалық сұраққа маман ретінде кеңес бергім келеді, мұны бала тәрбиелеп отырған ата-аналар жадына тоқып, тіпті көрнекі жерге шығарып іліп қойса да артық болмайды. Ата-ана баласына логопед көмегінің керегін білу үшін туғаннан үш жасқа дейінгі сәбиде дыбыстардың пайда болу реттілігін білуі керек. Осы реттілік бұзылғанын байқаса, логопед қызметіне жүгінгені жөн, – дейді Р.Қыдырбайқызы.
Маманның айтуынша, 1-2 айда нәресте гуілдеп, дауысты дыбыстарды қосарлап немесе қайталап айтады. 2 айынан асқанда дауыссыз дыбысқа дауысты дыбыстарды қосады: «гу, хо, ғы». 3 айда ф, с, в дыбыстарына ұқсас дыбыстар шығарады. 3-6 айда әр дыбысқа акцент қойып, созып айтады, айналасындағы адамдардың ерін қимылына еліктеп, үлкендердің сөзін түсіне бастайды. 7-12 айда п, б, м, к, т секілді дауыссыз дыбыстарды дыбыстап, ересектердің дауыс екпінін (көтеріңкі немесе бәсең, еркелетіп яки жекіп сөйлегенін), заттардың, іс-әрекеттің атауын ажыратады. 12 айда сәби «мама», «әке», «ата», «апа» сөздерін толық айтады және шаршаса «уф», таңданса «оо», жиіркенсе «фу», ауырсынса «ой, ай» дейді. Бір-екі жаста балалар көбіне кейбір дауыссыз дыбыстарды жіңішке айтады. Шай – сяй, су – сю. Су ішемін – сю ісьем. Осы жаста баланың белсенділік сөздік қоры 300-400 сөзге дейін жетеді. Үш жасқа аяқ басқанда в, ф, ы, э, х, с, з, л дыбыстарын толық меңгереді. Бұл жаста жылдам есте сақтайды, қысқа тақпақтарды айтады, 2-3 сөзден тұратын қарапайым сөйлем құрайды.
Дереккөз: https://egemen.kz/article/308611-balanynh-tili-shyqsa-%E2%80%93-tatti