Сырдарияның сол жағалауындағы ауданда 9 және 12 қабатты үйлер салынбақ. Бірақ бұл жаңалықты жергілікті тұрғындар тосырқап тұр.
Ұлттық қордан Қызылорда облысы бойынша мемлекеттен жалға берілетін тұрғын үйге, кезекте тұрған, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға пәтер сатып алуға 2,8 миллиард теңге бөлінді.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Нұрмағанбетовтың айтуынша, аталған қаржыға 342 пәтер сатып алынады. Қызылордадан 192 пәтер, Арал, Қазалы аудандарынан 35, Қармақшы, Сырдария аудандарынан 10 және Жалағаш, Шиелі, Жаңақорған аудандарынан 20 пәтер сатып алынбақ.
Биыл облыста індетке және құрылыс материалдарының шектен тыс қымбаттағына қарамастан тұрғын үй құрылысы белсенді жүріп жатыр. Мәселен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1608 пәтерлік 94 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
«Оның ішінде 695 пәтерлі 49 жалдамалы тұрғын үй бар. 463 пәтер көпбалалы аз қамтылған отбасыларға, 232 пәтер басқа санаттағы отбасыларға беріледі», – деп атап өтті Нұрмағанбетов.
Тұрғын үй құрылысындағы тағы бір жаңалық. Келер жылдан бастап Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа мөлтек ауданда 9 және 12 қабатты үйлер салынбақ. Бірақ бұл жаңалық жергілікті тұрғындарды қуанта қоймады.
«Облыс басшылығының бес қабаттан жоғары тұрғын үйлер салу туралы шешімі түсініксіз. Тіпті 5 қабатты үйлерді де салудың қажеті жоқ, өйткені облыс орталығындағы көптеген шағын аудандарда су үшінші қабаттан жоғары көтерілмейді. Тұрғындар амалсыз су тартатын мотор орнатуға мәжбүр. Алдымен көппәтерлі үйлерді сумен жабдықтау мәселесін шешіп алулары тиіс. Егер 9-12 қабатты биік үйлер салынып жаста, онда тұратындар коммуналдық мәселелерден көз ашпайтыны белгілі», – дейді қала тұрғыны Жанар Қыстаубаева.
Көппәтерлі үйлер Байқоңыр қаласында да салынбақ. Келер жылы жалға берілетін 250 пәтерлі бес үй салынады. Ал ондағы тұрғындар «бұл салық төлеушілердің ақшасын ысырап ету», деп есептейді. Мәселен зейнеткер Абит Садуов, «Бұл қалада пайдаланылмаған, бірақ әлі де жақсы сақталған ғимараттар бар. Олар Ресей әкімшілігіне қажет емес. Қыруар ақшаға 5 жаңа үйді салғаннан көрі, ондаған ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, пайдануға берген тиімді. Оларды Қазақстан азаматтары үшін тұрғын үйге немесе балабақша ашуға, я болмаса ауруханалар мен емханаларға беруге болар еді», деп түйіндейді зейнеткер.
Қалай болғанда да Сыр еліндегі құрылыс саласы жылдан-жылға қарқын алып келеді.
Нұрбек Дәуренбеков
Дереккөз: https://inbusiness.kz/kz/last/endi-vakcinalar-turaly-tolyk-akparat-aluga-bolady