Денсаулық сақтау министрлігі тәтті, газдалған сусындарға биыл салықты 7 пайызға көбейтуді ұсынды. Оның себебі, қанты көп сусындарды тұтынудың салдарынан елімізде қант диабеті, семіздік және жүрек қан тамыры аурулары көбейіп барады. Мәселен, тек қант диабетіне шалдыққандар соңғы бес жылда 31 процентке өсіп, 400 мыңға жуықтады. Егер бұлай жалғаса берсе 2030 жылға қарай науқас саны 1 млн-нан асады деп болжап отыр мамандар.
Марал Ілиясқызының қант диабетімен ауырғанына 3 жыл. Қарт ана жас кезінен тәтті өнімдерді көп тұтынғанын жасырмайды.
Марал Ілиясқызы, қала тұрғыны:
Тексерілуге келгенде айтты, сіздің қантыңыз көтерілген деп. Содан кейін анализдерді тапсырып, консультация берді. Қанты бар тағамды жемеймін. Тұзды тағам жемеймін, көбінесе көкөніс жеймін.
Ауру жасарып барады. Қант диабетімен қарттар ғана емес, бесіктен белі шықпаған балалар да ауырады.
Ақтолқын Нұрмаханқызы, дәрігер-терапевт:
3 жастан бастап қант диабеті диагнозы қойылған. Бұл біздің Қазақстан үшін жақсы көрсеткіш емес.
Мұның себебі, елдегі әр екінші бала тәтті сусынға әуес, – дейді дәрігерлер. Мәселен, тісі шіріп кеткен мына бүлдіршін күніне 3-4 бөтелке сусын ішпесе көңілі көншімейді, – дейді анасы.
Айым Смайылова, қала тұрғыны:
Үлкені осы қыз, екіншісі балабақшада, екеуіде кірген шыққан сайын аламыз тәттіден бас тартпайды.
Тәтті, газдалған, энергетикалық сусындар, шырындар мен салқындатылған тәтті шайларды көп тұтынудың салдарынан балалардың тісі шіріп, семіздік белең алып барады, Елдегі 6 млн баланың 3,2 пайызы семіздікке шалдыққан. Халықтың 20 проценті артық салмақпен күресіп әлек. Соңғы 5 жылда жүрек-қан тамырлары аурулары 16 процентке, өскен. Денсаулық сақтау министрлігі салықты көбейтіп, қолжетімді тауарды қымбаттатқанда ғана тұтыну азаяды деген үмітте. Сол себепті 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» бағдарламасы аясында биыл 17 пайыз, ал 2025 жылға дейін салықты 45 пайызға жеткізуді ұсынып отыр.
Жанар Қалмақова, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы:
Әлемнің 40 елі осы акцизді көтерді. Қазақстанда осы сұрақты зерттеуде. Ұсынысы ретінде жасалынып жатыр. Өйткені, ересектертер мен балалардың арасында семіздік пен қант диабеті өсуде.
Ал алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы бұған қарсы. Себебі, акциз енгізілсе, сусын өндіретін кәсіпорындар дағдарысқа ұшырайды. Елде мұндай компания саны 400-ден асады.
Алия Мамытбаева, алкоголсіз сусын өндірушілер қауымдастығының президенті:
Біз қарсымыз. Себебі, бұл кәсіпкерлерге үлкен соққы. Өздеріңіз білесіздер, қазір бәрі қымбат. Қант бағасы, шикізат, электр энергиясы артып жатыр. Егер 20 пайыз енгізілсе шағын және орта кәсіп 26 пайызға қысқарады. 12000 адам жұмыстан айырылады. Қанттың зияны әлі толық зерттелмеген тақырып. Сондықтан ақылға қонымсыз. Барлығын таразыға салу керек.
Ал ұсыныстың нүктесін қоятын ұлттық экономика министрлігіне хат жолдаған ек. Олар істің әлі қаралып жатқанын айтып, қандай да бір түсініктеме беру әлі ерте деп отыр.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Егер осы сусындарға қосмыша тағы 7 пайыз салық салынса, онда 7 есе қымбаттайды. Демек бір құтының бағасы 1000 теңге шамалауы мүмкін. Әзірге бұл ұсыныс қана. Осылайша пайдасынан зияны көп шырынды ішуді азайтып, денсаулықты күтудің бір шарты ретіндегі қадам,-дейді мамандар.
Раушан Сайлауқызы
Источники: https://qazaqstan.tv/index.php/news/141816/