Коронавирустың жаңа штамдарының ерекшелігі қандай: Сарапшы сипаттап берді
Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының “Санитариялық – эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми- практикалық орталығы” филиалы директорының міндетін атқарушы Манар Смағұл коронавирустың жаңа штамдарының ерекшеліктері жайында айтты деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Маман коронавирустың жаңа штамдарында SARS-CoV-2-дей белгілердің болатынын айтады.
“Бұл – дене қызуы, жөтел, дәм не иіс сезуден қалу. Бірақ, Ұлыбритания мамандарының мәліметінше, британиялық штамға жөтел, қатты шаршау және бұлшық еттердің ауруы сынды симптом тән. Ал дәм мен иіс сезудің жоғалуы онша біліне бермейді. Жөтел болған кезде коронавирустың жұқтырып алу ықтималдығы бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Жаңа штамдардың тағы бір ерекшелігі – репродуктивтілігінің, адамдарға жұғу көрсеткішінің жоғары болуы”, – дейді Манар Смағұл.
Оның сөзінше, қазір британиялық штамм әлемнің 125 елінде анықталған.
Сондай-ақ, бір апта ішінде британ штамы анықталған елдердің қатары 7 есеге артса, одан бөлек оңтүстікафрикалық штамм 75 елде, бразилиялық штамм 41 елде тіркелген.
“Вирустың мутацияға ұшырау ықтималдығы жұқтырған адамдар жиілігінің артуына байланысты өсіп келеді. Жаңа мутацияның анықталған санын, жалпы SARS-CoV-2 таралуын қысқарту үшін вирустың алдын алатын барлық қажетті іс-шараларды қабылдауымыз қажет. Оған денсаулық сақтау министрлігі кеңес беретін барлық іс-шарамен қатар COVID-19-ға қарсы вакцинациялау да кіреді”, – дейді Манар Смағұл.