Қазақстанда 8 мың бала семіздіктен зардап шегеді

Елде 2020 жылы 8 241 бала семіздікпен тіркелген. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылыми және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманова Қамшы сайтына берген сұхбатында айтты.

– Қазақстанда 2020 жылы 8 241 бала артық салмақ бойынша тіркелген. Халықаралық семіздіктің деңгейін анықтайтын сайт мәліметіне сәйкес, еліміз әлем бойынша 94-орында тұр. Карантинге байланысты болса керек, 2020 жыды медициналық ұйымға семіздікпен жүгінетіндердің қарасы азайды, – деген маман балалар мен жасөспірімдердің арасында артық салмақ мәселесінің өршу қаупі бар екенін айтады.

– Қашықтан оқыту жүйесі балалардың денсаулығына айтарлықтай өзгеріс енгізді. Жас ағзаға вирус қауіпті болмаса да, балалардың дұрыс тамақтанбауы, қозғалыстың аздығынан  артық салмақ қосылуы мүмкін, – дейді ол.

Шынар Абдрахманова балалардың семіздікке ұшырауының басты себебі – құнары көп тағамдар екенін алға тартады.

– Бүгінде балалар құрамында майы мен қант мөлшері жоғары, дәрумендері мен минералдары аз калориялы тағамдарды жиі тұтынғандықтан семіздік дертіне алып келеді. Зиянды тағамдарға қатты газдалған сусындар, шырындар, шала пісірілген және құрамында қант пен майы көп, қуырылған тағамдар, майлы ет және фаст-фуд жатады. Семіздікпен күресудің ең тиімді тәсілі аталған зиянды тағамдардан мүлде бас тарту.

Дереккөз: https://admin.qamshy.kz/article/63363-qazaqstanda-8-mynh-bala-semizdikten-zardap-shegedi