НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүние жүзі бойынша клиникалық сынақтан өтіп жатқан 64 вакцина ішінде 8-і қолданысқа еніп қойды. Қазіргі таңда әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцинаны қолданып отыр. Ақпан айынан бастап Қазақстан да осы елдердің қатарына кіреді. COVID-19-ға қарсы вакциналар қай мемлекеттерде қолданылып жатыр?,Вакцина егуге қатысты халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі қандай? «ҚазАқпарат» тілшісінің осы сұрақтарына
ҚР ДСМ Ұлттық денсаулық сақтау орталығы «Санитариялық- эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының эпидемиолог дәрігері Лена Қасабекова жауап берді.
«Бүгінгі таңда әлем бойынша коронавирус инфекциясына қарсы 237 вакцина жасалған. Оның ішінде 64 вакцина клиникалық сынақтан, ал 173 вакцина клиника алдындағы сынақтан өтіп жатыр. Клиникалық сынақтан өтіп жатқан вакциналар ішінде 8 вакцина қолданысқа еніп қойды. (Moderna, BioNTech / Pfizer, Oxford Biomedica және AstraZeneca, Н.Ф.Гамалея атындағы ғылыми-зерттеу институты (Спутник V), CanSino Biologics, Sinopharm (2), Sinovac / Instituto Butantan / Bio Farma). Бұл вакциналар АҚШ-та, Ресейде, Қытайда жасалған және өз елдерінде қолданылып жатыр», – дейді эпидемиолог дәрігер Лена Қасабекова.
Сарапшы қазіргі таңда қазақстандық вакцина да сынақтан өтіп жатқанын айтты.
«Бұл вакцина да алдыңғы қатарлы, дамыған мемлекеттердің вакциналары сияқты сынақтың үшінші кезеңінен өтіп жатыр. QazCovid-in вакцинасы бірінші және екінші сынақтан сәтті өткені туралы барлық бұқаралық ақпарат құралында жарияланды», – дейді ол.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцинаны қолданып отыр.
«42 мемлекеттің қатарында АҚШ, Израиль, ЕуроОдаққа мүше елдердің барлығы кіріп отыр. ТМД мемлекеттері арасынан Ресей, Беларусь кірді. Енді Қазақстан да осы мемлекеттердің қатарына қосылады», – дейді сарапшы.
Ол аталған 8 вакцина қай мемлекеттерде қолданылып жатқанына тоқталып өтті.
«Moderna компаниясының вакцинасы Канада, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяда қолданылуда. Pfizer компаниясының вакцинасы Еуроодаққа мүше елдердің бәрінде, Израиль, Аргентина, Мексика, Сауд Арабиясы, АҚШ және Ұлыбританияда қолданылып отыр. Британдықтар мен американдықтардың бірлесіп шығарған Oxford Biomedica және AstraZeneca компанияларының вакцинасы Ұлыбритания, Үндістан және Аргентинада қолданылып отыр. Ресейдің «Спутник V» вакцинасы Ресейдің өзінде, Беларусь, Боливия, Аргентина, Алжир және Сербияда қолданылып жатыр. Қытайдың 4 вакцинасы, атап айтқанда CanSino Biologics компаниясы шығарған вакцина Қытайдың өзінде, Біріккен Араб Әмірліктерінде қолданылады. Ухань институты Sinopharm компаниясымен бірлесіп шығарған вакцина Біріккен Араб Әмірліктерінде, ал Sinovac компаниясының вакцинасы Қытайдың өзінде және Бейжің институтының Sinopharm компаниясымен бірлесіп шығарған вакцинасы Біріккен Араб Әмірдіктері мен Бахрейн мемлекетінде қолданылады», – дейді ол.
Сонымен қатар, ол бүгінгі таңда әлем бойынша қанша адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілгенін айтты.
«2021 жыл 20 қаңтар күнгі мәлімет бойынша, әлемде коронавирусқа қарсы 46,89 млн доза вакцина егілген. Оның ішінде АҚШ-та 15 700 000 адамға, Қытайда 15 000 000 адамға және Ұлыбритания Біріккен Корольдігінде 5 000 000 адамға, Израильде 3 000 000-ға жуық адамға және Біріккен Араб Әмірліктерінде 2 100 000 адамға коронавирусқа қарсы вакцина егілген. Еуроодаққа мүше мемлекеттерде 1 000 000-ға жуық адамға, Италия, Түркия, Испания және Ресей мемлекететрінде 1 000 000-ға жуық адамға вакцина егілген», – дейді Лена Қасабекова.
Ол коронавирусқа қарсы вакцина алдымен халықтың қандай тобына егілетініне тоқталып өтті.
«Ең алдымен медицина саласынық қызметкерлері, мұғалімдер, полиция қызметкерлері сияқты өмірдік маңызды салада қызмет ететін мамандарға егіледі. Олар қауіп-қатер тобына кіреді. Өздеріңіз көргендей, коронавирус індеті өршіп тұрған кезде дәл осы саладағы мамандар алғы шепте жүрді. Осы салада қызмет ететіндер ішінде коронавируспен ауырғандары да, өмірмен қоштасқандары да көп болды. Қауіп-қатер тобына денсаулығында ақауы бар адамдар да кіреді. Олардың қатарына жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар адамдар кіреді. 60 жастан асқан егде жастағы адамдар да қауіп-қатер тобына кіреді, сол себепті ең алдымен соларға егіледі. Вакцина егуге қатысты әлемдегі барлық мемлекет осы қағиданы ұстанады», – дейді ол.
Оның айтуынша, қайсы топ вакцинамен алдымен қамтылатыны әр мемлекеттің өз мүмкіндігіне, вакцинаның қаншалықты жеткілікті екеніне байланысты. Қауіп-қатер тобындағы адамдардың бәрін вакцинамен қамтамасыз ете алатын мемлекеттер бар, бірақ елдегі бүкіл халықты вакцинамен толық қамтыған мемлекет әлі жоқ.
«Коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты бірқатар мемлекеттің тұрғындарына сауалнама жүргізілгені туралы ақпарат бар. Бұл ақпарат сенімді дереккөзден алынды. Сауалнамада «Осы аптада коронавирусқа қарсы вакцина егетіні туралы айтса – сіз келісер ме едіңіз?» деген сұрақ қойылған. Ұлыбританияда сауалнамаға қатысқан тұрғындардың 70%-дан астамы коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдауға дайын екенін айтса, Еуроодаққа мүше елдер тұрғындарының 50%-дан астамы вакцина егуге қарсы емес екенін білдірген. Яғни, тұрғындардың көбінің вакцинаға деген көзқарасы түзу», – дейді сарапшы.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/covid-19-ga-karsy-vakcina-alemdegi-zhagday-kanday_a3744918