1 ақпаннан Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды індетке қарсы вакциналау басталды. Мамандардың айтуынша, коронавирусты тоқтатып, пандемиядан шығудың бірден-бір жолы – вакциналау болып отыр. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады. Осы орайда бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде мамандар COVID-19 вакцинациясы туралы түсінік берді.
Елордадағы вакцина салдырту процесі
Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов қалада 1 ақпаннан бастап осы уақыт аралығында 719 адамға вирусқа қарсы вакцина салынғанын айтты.
Бірінші кезеңге вирусты жұқтырып алу қаупі жоғары тобына жататын медицина қызметкерлері (жұқпалы аурулар ауруханалары, жедел-жәрдем қызметкерлері, алғашқы медициналық көмек көрсету ұйымдары, көпсалалы ауруханалардың қабылдау бөлімдері) қызметкерлері вирусқа қарсы екпе алып жатыр.
Жалпы, 1-8 ақпан аралығында вакциналамен 916 адам қамтылған еді, соның ішінде 719-ына екпе салынды. Осы орайда ол вакцинация ерікті түрде, әр адамның екпе алу-алмау құқығын сақтай отырып жасалатынын еске салды.
«Бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында КВИ-ға қарсы вакцинаның 1 531 дозасы бар. Еске салайық, тұрақты профилактикалық егулерге және уақытша медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарға КВИ-ға қарсы екпе салынбайды. Сондай-ақ, коронавирустың ауыр жағдайы және симптомсыз белгілері бар адамдар екпе алуға жатпайды. Жұқпалы ауруы бар науқаспен, оның ішінде КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған адамдар карантин мерзімі аяқталғанға дейін вакцина алмайды», – деп нақтылады басқарма басшысы.
Жалпы, ақпан айында елордада 2030 доза вакцина салынады деп жоспарланған.
Бірінші кезеңде вакцинация бес қалалық емханада жүргізіліп жатыр. Алайда, келешекте халықты жаппай вакциналау басталған сәтте қала бойынша 36 ұйымда емшара бөлмелері ұйымдастырылады.
Сонымен қатар ол вакцина алған адамдардың арасында айтарлықтай кері реакция болмағанын жеткізді.
«Вакцина салған орынның ауыруы және кешке таман адамның сәл әлсіреуін кері реакция деп айтуға болмайды. Вакцина алған адам үшін ол қалыпты жағдай. Мен өзім вакцина алдым, бірінші күннің кешінде сондай көңіл-күйде болдым. Екінші күні бұл күй өздігінен кетіп қалды», – деп түсіндірді басқарма басшысы.
Аллергиялық реакциялар бола ма
UMС клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бағдарламасының жетекшісі, «АстМУ» КеАҚ Нефрология, гематология, аллергология және иммунология курсымен ішкі аурулар кафедрасының аға оқытушысы Елена Ковзель коронавирусқа қарсы вакцинаның сипаттамасын айтып берді.
«Вакциналау кезеңінде екпе бойынша күрделі реакциялар байқалмады, тек қойылған орында реакция болды және бұл жағдай ережеге сәйкес келеді. Ол қандай да бір елеулі аллергиялық реакцияларды болдырмауы тиіс», – деді сарапшы.
Сонымен қатар ол вакцинаның коронавирус инфекциясының басқа да штаммынан қорғау мүмкіндігі туралы сұраққа жауап берді.
«Иммунолог ретінде халықаралық мәліметтерге сүйене отырып, барлық коронавирустар арасында тоғыспалы реакциялар болады. Вакцина коронавирустың басқа да шамынан протективті әсерді қалыптастырады», – Елена Ковзель.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина мен ресейлік «Спутник V» екпесінің айырмашылығы туралы түсінік берді.
«QazCovid-In вакцинасын зерттеу жыл бойы жүргізілді. Клиникалық зерттеулер қыркүйек айында басталды. Бастапқыда 44 ерікті осыған қатысқан болатын. Клиникалық зерттеудің бірінші фазасы вакцинаның қауіпсіздігін зерттеуге қатысты еді. Нәтижесінде, 180 күн бойы жүргізілген байқау кезінде ешқандай күрделі теріс әсерлер тіркелмеді. Вакцина қауіпсіз деп танылды», – деді А. Гуляев Орталық коммуниукациялар қызметінде.
Сонымен қатар ол екінші кезеңде вакцинаның клиникалық тиімділігі зерттелгенін, оған 200 ерікті қатысқанын еске салды. 180 күн бойы вакциналау жасалғаннан кейін, қалыптасатын антиденелер деңгейі тексеріліп тұрды. Вакцина жоғары тиімділікті көрсетіп, екпе жасалған әрбір жағдайда антиденелер қалыптасып отырды. Үшінші кезең 2020 жылдың 25 желтоқсанында басталды. Бұл ретте зерттеумен 3 000 адам қамтылды және ол 180 күнге созылады. Үшінші фазаның өтуіне қатысты аралық есеп жақын арада болады.
Сараптама жүргізу ережесіне сәйкес, 31 желтоқсанда QazCovid-In вакцинасы уақытша тіркеу куәлігін алды. Бұл өз кезегінде вакцинаны зерттеуді кеңейтіп, оның өндірісін жеделдетеді.
«Qaz Covid-in – инактивтелген екпе. Бұл тұрғыда ол ресейлік вакцинадан өзгеше. Ресейлік екпе антиденелер қалыптасуын бастаушы ақуызды құрайды. Осы вакциналарды тікелей салыстыру қисынсыз. Тікелей салыстыру барлық үш фазаның зерттеу мәліметтері алынғанда мүмкін болады. Сол кезде бұл вакциналардың басымдығы немесе кемшілігі туралы түсінік беріледі», – деді сарапшы.
Осы орайда ол үш фазаның толық клиникалық зерттеуі әлемде жүргізілмегенін айтты.
«Жалпы ахуал реттеуші органдарға уақытша тіркеулерді беруге және вакциналау жүргізуді бастауға итермелеп отыр. Бұл өз кезегінде қандай да бір қауіпсіздік ережелері ескерілмей жатыр дегенді білдірмейді. Жапония, АҚШ, Еуропада және Қазақстанда вакциналардың қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалау қадамдарында ешқандай айырмашылық жоқ. Осы бағыттағы жұмыстар айтарлықтай ұзақ процесс», – деді ғалым.
Александр Гуляев қазіргі уақытта ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сараптау ұлттық орталығына вакциналардан жағымсыз күрделі әсері туралы ақпарат келіп түспегенін айтты.
Вакциналау алдындағы бағалау талабы
«АстМУ» КеАҚ Нефрология, гематология, аллергология және иммунология курсымен ішкі аурулар кафедрасының аға оқытушысы Елена Ковзель жеңіл формада ауырып шыққандар үшін орнықты жасуша иммунитетін қолдауға вакциналау керек болатынын атап өтті.
«Ғылыми негізделген мәліметтерге тоқталсақ, ауырып шыққан пациенттерде үшінші-алтыншы айда антиденелердің нөлдік деңгейге дейін төмендегенін көріп жүрміз. Аталған адамдарда сақталатын жасуша иммунитеті жеткіліксіз болуы мүмкін. Жеңіл формада ауырғандарда орнықты жасуша иммунитетін қолдау үшін вакциналау қажет екені анық», – деді Е. Ковзель.
Оның айтуынша, пациенттің денсаулық жағдайына бағалау жүргізіп отыру керек. Қандай да бір вирустық инфекцияның, аутоиммундық аурулардың болуын тексеру үшін екпе салдырар алдында міндетті түрде тексеру керек.
Өз кезегінде ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалы директорының орынбарасы Манар Смағұл вакциналаудың мақсаты туралы айтты.
«Вакциналанған адамдар көп болған сайын, қоздырғыштардың таралуы кеңістігі тарылады. Вакцинадан бас тартудан бұрын ойлану керек, яғни ол жеке өзіне ғана емес, сонымен қатар жақын адамдары алдында жауапкершілігі бар екенін сезінгені жөн. Өйткені вакцина салдыра алмайтын адамдар бар. Екпе салдырғандар көбейгенде, вирустың таралуы да шектеледі. Вакциналау саясаты осыған негізделген. Коронавирусқа қарсы вакциналау туралы айтқан кезде, біздің мақсат – ұжымдық иммунитетті құру», – деді Манар Смағұл.
Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов вакциналау ерікті түрде болатынын, осы орайда мәжбүрлеу деген болмайтынын және вакцина алмаған азаматтарға қарсы ешқандай санкция қарастырылмағанын қадап айтты.
«Бірінші кезекте вакцина адамның өзін қорғау үшін қойылады. Сондықтан ол әр адамның жеке шешімі», – деді басқарма басшысы.
Автор Руслан Ғаббасов
Дереккөз: http://jebeu.kz/e/action/ShowInfo.php?classid=3&id=2715