Коронавирусқа қарсы вакцинация. Бұл – елді елеңдеткен, көңілді күпті еткен тақырып. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, 2021 жылдың қаңтарында 42 ел коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинацияны енгізді. Оның ішінде 36 елдің табыс деңгейі жоғары. Яғни, бұл мемлекеттердің дүйім халқына жаппай екпе егуге әлеуеті жетеді деген сөз. Олар АҚШ, Израиль немесе Еуропалық Одақ елдері. Біздің байтағымызда коронавирустық инфекцияға қарсы қазақстандық вакцина 2020 жылдың 31 желтоқсанында 9 ай мерзімге уақытша тіркеуден өтті. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбековтің сөзіне сүйенсек, бүгінде қазақстандық «QazCovid-in» вакцинасы 9 ай мерзімге уақытша тіркеуден өткен көрінеді.
Екпе туралы теріс пікір қайдан шықты?
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда 10 млн адамды вакцинациялау жоспары туралы хабарлаған болатын: «Біз шамамен 10 млн адамға вакцина егуді жоспарлап отырмыз, бұл – ел халқының жартысына жуығы. Біз көбінесе науқастармен тікелей байланыста болатын осал топтарды анықтадық. Әзірге бұл қолдану нұсқауларына байланысты 18 жастан 65 жасқа дейінгі санат. Қазір зерттеудің қорытынды кезеңдері бойынша деректер ашылуда. Егер осы жас ауқымы кеңейтілсе, сәйкесінше біз вакцинацияға қатысушылардың санын кеңейте аламыз».
Қош! Қазір Covid-19-ға қарсы вакцинация айналасында әңгіме өте көп. Пандемияға дейінгі кезеңде де жалпы вакцинациялауға қатысты халықтың пікірі екіге жарылатын. Әсіресе, баласына салғызғысы келмейтін ата-ананың қарасы көбейгені шындық. Содан екпе туралы теріс пікірлер қаптады. Сол үшін вакцинацияның тарихына шолу жасасақ артық болмас.
Манар Смағұл
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалы ШЖҚ РМК «Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» директорының орынбаcары Манар Смағұл вакцинацияны медицинаның ең үлкен жетістігіне балайды.
– Вакцинация, бұл – иммунизация. Оның арқасында біз табиғи шешек сияқты ауруды жоюға қол жеткіздік. Вакцинацияның арқасында қазір дәрігерлердің жас буыны дифтерия және сіреспе сияқты аурулармен кездеспейді. Біз қызылша, қызамық, «Б» гепатитімен сырқаттанушылықтың төмендегенін көріп отырмыз. Мысалы, егер 2005 жылы, яғни осыдан 15 жыл бұрын бізде қызамықтың 15 мыңға жуық жағдайы тіркелсе, бүгінде бізде жаңа туған нәрестелер арасында осындай инфекцияның жекелеген жағдайлары тіркелуде. Міне, бүгін біз коронавирустық вакцинацияның да тиімділігі туралы дәлелдердің шынайылығына көз жеткіземіз деп үміттенемін. Бұл сырқаттанушылықты және соның салдарынан өлімді азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бізге әдеттегі өмір салтына – карантиндік шектеусіз өмірге оралуға мүмкіндік береді. Вакцина бізге еркіндік береді, денсаулық береді. Вакцина – бұл адам ағзасына антиденелер шығаратын арнайы дәрі-дәрмектер. Бұл антиденелер тірі вируспен кездескенде күресуге қабілетті, осылайша олар аурудың алдын алады. Вакцина – аурудың алдын алудың ең сенімді, тиімді шарасы, яғни вакцина емдемейді, бірақ қорғайды, – дейді Манар Асырқызы.
Әріптесінің сөзіне ҚР ДСМ СЭБК Нұр-Сұлтан қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім жетекшісі Жаннат Пралиева да қосылады.
– Менің ойымша, Сovid-19-ға қарсы вакцина салдыру керек. Өйткені, бір жылдан бері карантиндік шектеулермен өмір сүріп келеміз. Қашанғы бетпердемен тұмшаланып жүрмекпіз?! Одан шығатын жалғыз жол – вакцинация. Әйтпесе, ауру белең алып, асқынып кетуі мүмкін. Егер халықтың басым бөлігі екпені алса, пандемиядан құтыламыз деген үміт бар. 27 қаңтарда шыққан қаулыға сәйкес, бірінші біздің қоймаларымызға Ресейден әкелінген «Спутник V» вакцинасы егіледі. Оның клиникалық сатыларының бәрі толықтай тексерілген. Ресейде 1,5 миллион адам алып үлгерген. Оның ішінде біздің көп әріптестеріміз де бар. Олардың ешқандай да теріс пікірін кездестірмедік, – деп Жаннат Қыдырбайқызы пікірімен бөлісті.
«Елдегі вакцинацияның басты мақсаты – коронавирустық жұқпаның эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру»
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы филиалы «Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы» директоры Айнагүл Қуатбаеваның сөзінен де коронавирустық жұқпаға қарсы егу жұмыстарының тиімділігіне көз жеткізгендей болдық.
Айнагүл Қуатбаева
– Бүгін Қазақстанда коронавирустық жұқпаға қарсы егу жұмыстары басталды. Бұл шараның негізгі мақсаты – коронавирустық жұқпаның эпидемиологиялық ахуалын тұрақтандыру. Оның барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес атқарылып жатыр. Ол үшін мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлінуде. Республикалық және жергілікті облыстық, қалалық бюджеттен шприцтер сатып алынып жатыр. Бұрынғы полиомиелитке қарсы вакцинадан басқасының барлығы +2, +8 температурада сақталынатын еді. Жолда тасымалдауда да сондай температуралық тізбекті қажет ететін-ді. Коронавирустық вакцинаның қай түрі болмасын минустық төмен температураны қажет етеді. Соған байланысты арнайы мұздатқыштар сатып алынды (температура минус 180С). Мұздатқыштан алынған соң егу бөлмесіне дейін тасымалдау үшін арнайы тасымалдайтын контейнерлер және мұздатқыш элементтерінен өзге ішіндегі сұйықтығы бөлек арнайы мұздатқыш элементтері де сатып алынды. Мұның барлығы да жергілікті әкімдіктер, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мен денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан қадағалауға алынды.
– Денсаулық сақтау министрі бұл вакцинаға арнайы осал топтардың белгіленгенін айтты. Соларға да нақты тоқталсаңыз…
– Иә, бұл вакцинаға арнайы топтарды белгілеп алып жатырмыз. Себебі, қандай мемлекетке болса да, бір мезетте қажетті вакцинаның барлық көлемін жеткізу мүмкін емес. Өйткені, вакцина өндірушілер енді шығарып жатыр. Сол үшін әр мемлекет жағдайына қарап, саты-сатысымен сатып алуда.
Енді нақты кімдерге егілетініне келсек, халықпен жиі жұмыс істейтін осал топтарға егеміз. Медициналық мекемелердің ішінде жұқпалы аурулар ауруханасындағыларды, жедел жәрдемдегілерді, ауруханалардағы реанимация бөліміндегілерді ең алдымен қамтамасыз етуіміз қажет. Бүгінгі күні көптеген мамандар екпе алуға келісімін беріп отыр.
Екінші топ – педагог мамандар, одан соң құқық қорғау органдарында істейтіндер, студент жастар. Көбінесе жабық мекемелердегі азаматтар ковидпен көп ауырған. Бұрыннан созылмалы аурулары болуына байланысты осы кісілердің арасында сырқаттанушылық көп тіркелген. Бір жерде шоғырланғандықтан, ауру көп тіркелген сайын асқынулар болып, өлім-жітімге алып келуі мүмкін. Бұл жастағы адамдарды да, оның ішінде жұмыс істеп жүрген персоналды да арнайы топ ретінде вакцинациялауды жоспарлап отырмыз.
Бірден айтайық, екпе салуға ешкім мәжбүрлемейді. Бәрі ерікті түрде жүзеге асады. Бірақ, бүгінгі күні осы вакцинаның қажеттілігін көріп отырмыз. Өйткені, бұл аурумен қайта ауырып жатқандар да бар. Ауырып кеткеннен кейінгі иммунитет пен вакцинациядан кейінгі иммунитеттің айырмашылығы бар екенін, оған ешқандай күмән келтірмеу керек екенін шетелдегі ғалымдар мен зерттеушілер айтып отыр. Қолданыстағы вакциналардың ішінде 90% жоғары иммунитет қалыптастыра алатындай мүмкіндігі бар екенін дәлелдеп те берді. Коронавирустық жұқпа денсаулығында әр түрлі кінәраты бар, оның ішінде қант диабеті, төменгі тыныс жолдарының аурулары, жүрек-қантамыр жүйесінің аурулары бар адамдарда өте ауыр өтеді. Сондықтан олар арнайы топқа кіретінін айта кету керек. Өкпе, бауыр, бүйрек аурулары, қант диабеті, эпилепсия, бұрын инсульт алғандар, жүйке және жүрек-қантамыр жүйесінде әр түрлі иммунодефициттік аурулары, аллергиялық, әр алуан ісік аурулары бар науқастарға абайлап жасау керек.
Осал топқа кірген көптеген мекеме қызметкерлері жазбаша түрде келісімін беріп қойды. Мысалы, мен де өзімнің учаскелік №36 қалалық емханадағы дәрігеріме екпені міндетті түрде қабылдайтыным жөнінде алдын ала хабарлап қойдым.
«Ресейлік вакцина қажетті сапа сынақтарынан өткен»
– Оқырманға коронавирустық жұқпаға қарсы екпенің нақты қай түрі егілетіні туралы мағлұмат бересіз бе? Тиісті ведомство да, сала мамандары да ресейлік вакцина туралы айтып жүр. Ал, өзіміздің қазақстандық вакцина қашан дайын болады?
– Біз бірінші сатыда Ресейдегі Гамалея атындағы Ұлттық эпидемиология және микробиология ғылыми-зерттеу орталығында жасалған «Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасын алатын болып жатырмыз. «Спутник V» Ресейдің Денсаулық сақтауды қадағалау қызметінің қажетті сапа сынақтарынан өткізілген. 1 ақпанға дейін 2 миллионнан артық дозасы келді. Одан кейін екінші сатысында Қарағанды фармацевтикалық зауытының алаңында шығарылатын отандық «QazCovid-in» енгізіледі. Вакцинаның негізгі құрамдас бөлігі Ресейден әкелінеді. Біздің мемлекетімізде арнайы сұйықтық құйылады. Ол үшін барлық жағдай жасалынды.
– Егудің алдында учаскелік дәрігер тексеру жүргізе ме?
– Әрине, жүргізеді. Екпе қайсыбір емдеу мекемесінде жүргізіледі. Емдік мекемеңізге барғанда «вакцинация қажет пе, қажет емес пе» деп қосымша сұрақ қойып, вакцинаның сыртындағы қолдану нұсқаулығымен танысып шығуыңызға болады. Дәрігеріңізге денсаулығыңызда қандай да бір кінәрат бар-жоғын айтуыңыз қажет. «Қарсы көрсетілімдер бар ма, жоқ па?» деген сияқты әр адамға қойылатын бірнеше сауалдар бар.
«Вакцинаның құрамындағы заттардың ешқайсысы да өлім шақыратындай құрамдас бөлік емес»
– Көп азаматтар «Біз ауырып кеттік. Енді бұл вакцинаның қажеті қанша» деп жатыр. Оларға не дейсіз?
– Ауыр түрде ауырып кеткен болса, 6 айдан кейін осы екпені алуға кеңес береміз. Аурудың жеңіл түрін өткізген тұрғындар арасында: «Вакцина жасамастан бұрын лабораторияға барып тексеріліп алсақ, бәлкім бізге екпе жасатудың қажеті жоқ шығар» деп айтады. Біз ондай адамдарға «Арнайы скрининг жасаудың қажеті жоқ» деп айтқан болар едік. Ауырған болсаңыз, ауырғаныңыз туралы емдік мекемеден алған қағазыңыз бар. Ал, ауырмаған болсаңыз, арнайы зертханалық тексеруден өту қажеттілігі жоқ.
– Коронавирус вакцинасы туралы ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер айтылып жүр ғой. Соның бірі – «ойбай, алда-жалда бірнәрсе бола қалса, мемлекет 500 мың теңге өтемақы төлейді екен» деген сияқты жел сөздерге қандай жауап айтасыз?
– Оның барлығы қауесет сөз. Ондай фейктерге сенудің еш маңызы жоқ. Вакцинаның құрамындағы заттардың ешқайсысы да өлім шақыратындай құрамдас бөлік емес. Бізде Ұлттық денсаулық сақтау орталығында оперативті байланыс бөлімі бар. Ол бөлім Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесі бойынша әр түрлі биологиялық, химиялық, радиациялық жағдайлар болып қалған жағдайда барлық мемлекеттер бір-біріне дер кезінде хабар алмасып отыру үшін 24/7 режимінде жұмыс істейді. Елімізде сол орталықтан хабар алып отыратын үш адам бар. Соның бірі – мен боламын. Бүкіл жер шарында қандай оқиғалар орын алып жатқаны туралы мәлімет алмасып, күн сайын еліміздегі эпидахуал туралы да хабар беріп отырамыз.
Бүгінгі күні бүкіл жер шарында 102 млн 993 мың адам коронавирустық жұқпаны жұқтырған. Соңғы бір тәуліктің өзінде тағы 568 мың адам қосылды. 74 млн адам жазылып кетіпті. Бірақ, қайтыс болғандардың саны 2 млн 200 мыңның үстінде. Өлім-жітім көрсеткіші 2,2% болып отыр. Сонымен қатар, біздің елімізде 187 мың жағдай лабораториялық түрде дәлелденген болса, оның ішінде 2476 адам қайтыс болды. 1 тамыздан бастап пневмониямен ауырған науқастарды жеке есепке алып отырмыз. Вирустық пневмониясы бар, бірақ лабораториялық түрде дәлелдеу мүмкіндігі жоқ адамдар да ол санатқа кіреді. Себебі, вирус көп жағдайда жоғарғы тыныс жолдарынан төменге қарай кетіп қалады. Ал, лабораториялық түрде ПЦР-сынама алғанда біз жоғарғы тыныс жолдарынан ғана аламыз. Арнайы бір емдік шаралар жасаған кезде немесе ИВЛ аппаратын салған кезде соның жұғындысын алуға болады. Бірақ, арнайы инвазивтік араласу жасай бермейміз. Соған байланысты бүгінгі күні пневмониямен ауырған науқастардың саны 47 874 болып отыр. Оның ішінде қайтыс болғандардың саны – 570.
«Барлық адамдарға вакцинаны тегін салуға еліміздің қауқары жетеді»
– Пневмония бөлек, Сovid-19 басқа деп айтылған еді. Жалпы бұл екпені барлық адамдарға салдырған дұрыс па?
– Вакцинацияға келген кезде денсаулығында кінәрат болмаса, дене қызуы көтерілмеген болса, жұқпалы аурумен ауырмаса, сонымен қатар, созылмалы ауруларының асқынуы болмаса, жасауға болады. Бір сөзбен, кері медициналық көрсеткіштері болмауы керек. Бұрыннан өте ауыр аллергиялық реакциялары болса, ондай адамға жасаудың қажеттілігі жоқ. Өйткені, аллергиясы бар науқастарға қаншалықты әсер ететінін біз білмейміз. Сонымен қатар, кішкентай балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, аяғы ауыр, бала емізетін әйелдердің арасында арнайы ғылыми клиникалық тексеріс жүргізілген жоқ. Соған байланысты ол топтарға екпе жасалмайды. Алдағы уақытта басқа мемлекеттерде бұл тұрғыда қосымша ғылыми жұмыстар жүргізіледі. Бұл топтарға қауіпсіз болса ғана вакцина жасау қажеттілігі туындайды. Мысалы, бұрнағы жылдары «тұмауға қарсы вакцинаны жүкті әйелге салуға болмайды» деп айтылды. Ал, бірақ әлемнің барлық дерлік мемлекетінде жүкті әйелдердің арасында тұмаудан өлім-жітім жағдайы өте жиі ұшырасып кетті. Соған байланысты ДДСҰ Америкалық аурулардың алдын-алу орталығымен бірлесіп жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде бұл вакцина жүкті әйелдерге өте тиімді екенін, жүктілік кезінде әйелдерді аурудан сақтап қана қоймай, 6 айға дейін жаңа туған нәрестелерге өте тиімді екені дәлелденген. Біздің мемлекетімізде де жүкті әйелдерді тұмауға қарсы екпемен жоғары деңгейде қамтамасыз етіп, сырқаттанушылық төмендегені байқалды.
– Аталған екпені бірінші осал топтар алатынын білдік. Қалған адамдар қашан алады? Ақылы түрде алуына бола ма?
– Бәлкім, біраз уақыт өткеннен кейін халықтың қалған бөлігін де тегін вакцинамен қамтамасыз етуге мүмкіндік алатын шығармыз. Менің бір туысқаным: «Вакцина елімізге келісімен ақылы түрде алғым келеді», – деп айтады. Бірақ, ол біз айтқандай топтың соңғыларының біріне жатады. Яғни, денсаулығында кінәраты бар. Бұрын инфаркт алған. «Егер ауырып қалсам, ауыр өтетінін білемін, ал мен балаларымды жеткізуім керек», – деп жанталасып, маған қайта-қайта қоңырау шалады. Бірақ, бүгінгі күні мемлекет тарапынан бөлініп жатқан вакцинаны ақылы түрде жасай алмаймыз. Оны да атап өту керек. Вакцина өзімізде жасалған соң «ала қойды бөле қырықпай», барлық адамдарға тегін салуға қауқарымыз жетеді деп ойлаймын.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Сала мамандарының коронавирустық жұқпаға қарсы вакцинация туралы жан-жақты мағлұмат берді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірер болсақ, әр адамның өзіндік биологиялық ерекшеліктері бар. Сонымен қатар, вакцинаны таңдау мүмкіндігі де бар. Ешкім ешкімді мәжбүрлемейді. Ал, реттеуші органдары тез арада вакцинацияға рұқсат берген және жаппай вакцинация бағдарламаларын орындауды жоспарлаған АҚШ пен Ұлыбританияда кейбіреулер, тіпті, 2021 жылдың көктемінде өмір қалыпты жағдайға оралуы мүмкін деп болжайды. Алайда, оған ел болып біріккенде ғана қол жеткізе алатынымыз белгілі.
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ, саяси шолушы