НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жасөспірімдер көбінесе дұрыс тамақтану ережесін сақтамайды, бұл денсаулықтың нашарлауына әкелуі мүмкін. Балалар мен жасөспірімдер арасында жемістер мен көкөністерді аз жеу, көбінесе тәтті сусындарды ішіп, тәттілерді жеу әдеті байқалады, деп хабарлайды ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының баспасөз қызметі.
ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылым және кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Абдрахманова 2020 жылы 4-5 желтоқсанда Нидерландыдағы «Excellence of Pediatrics» Педиатрия жөніндегі халықаралық онлайн конференциясында Қазақстанда 11-15 жас аралығындағы 4864 оқушыға жүргізілген «Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы», HBSC, сауалнамасының нәтижелерін көрсетті.
Күн сайын таңғы ас ішпейтін 11-15 жастағы жасөспірімдер, күн сайын таңғы ас ішетіндерге қарағанда, бас айналуына, бас ауруына және іштің ауыруына екі есе көп шағымданады екен. Көкөністер мен жемістерді аптасына 5-6 реттен аз жейтін жасөспірімдердің басы жиі айналады және іші ауырады. Ал аптасына болмағанда 5-6 рет тәттілерді жеу жасөспірімдердің басын ауыртады екен.
«Дұрыс тамақтанбайтын жасөспірімдер арасында денсаулыққа қатысты проблемалардың қаупі артады, сондықтан қоғамның түрлі секторларының: денсаулық сақтау, білім беру, бизнес, азаматтық қоғам, БАҚ және басқа да серіктестердің қатысуымен үнемі дұрыс тамақтану мәселесін көтеру керек», – дейді Ш.Абдрахманова.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/durys-tamaktanbau-zhasospirimderdin-densaulygyna-kalay-aser-etedi_a3728999