НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл коронавирусты қайта жұқтыру деректері әлем елдерінде тіркеліп жатқандығы туралы ақпарат тарағаны белгілі. Сонымен қатар қараша айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері індетті қайта жұқтыру дерегі Қарағанды облысында тіркелгенін айтқан болатын.
Осы орайда ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының басшысы Жазира Ембердиева коронавирус инфекциясымен ауырып, жазылғандарға пайдалы кеңесін айтты.
«Дұрыс тамақтану керек. Адам ағзасына ақуыз, майлар және көмірсу қажет. Көкөніс пен жеміс-жидекке көбірек мән беріңіз. Тәттілерден де бас тартпаңыз (тек белгілі бір көлемде) – олар көңіл-күйіңізді жақсартады. Таза ауада күн сайын серуендеуге де мән беру керек. Коронавирус инфекциясынан соң және ағзаның ұзақ уақыт әлсіреуінен кейін сізге өте қажет күш қуат береді», – деді Ж. Ембердиева.
Бұл тұрғыда ол ол күн сайынғы тыныс алу гимнастикасына тоқталды. Дем алуды – дем шығаруды бақылау арқылы қарапайым жаттығу жасау керек. Аурудан кейін ағза әлі де күшеймегендіктен, жаттығуды шамадан тыс көп жасамаңыз, жүктемелерді біртіндеп арттырғаныңыз дұрыс. Тыныс алу гимнастикасы өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне ықпал етеді және оны оттегімен қанықтырады.
«7-8 сағаттан кем болмайтын толыққанды ұйқы керек. Ұйықтар алдында бөлмені міндетті түрде желдету керек және 2 – 3 сағат бұрын тамақтанған дұрыс. Бұл тез қалыпқа келуіңізге көмектеседі. Стреске және үрейге, уайымға салынбау керек. Қазір барлығымыз – ауырғандар да, ауырмағандар да стресс жағдайындамыз. Аталған инфекцияның ерекшелігі гипоксия, оттегінің жетіспеуі. Бұл қорқыныштың және депрессияның алғышарты болуы мүмкін. Мұндай жағдайда психологтен кеңес алуыңызға болады. Ол сізге алаңдамауға және сенімді болуға кеңес береді. Әлде жақын адамдарыңызбен қарым-қатынасты күшейтіңіз, табиғат аясына шығыңыз, яғни жақсы көңіл-күй тезірек қалыпқа келуге көмектеседі», – деді маман.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz/koronavirustan-emdelgender-kanday-talaptardy-oryndauy-kerek_a3727209