Көктемде Мадагаскарда COVID-19 жусан тұнбаларымен сәтті емделетіні туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрді. Бірақ бұл әдістің тиімділігі туралы ғылыми дәлелдер жоқ. Дегенмен, бұл хабарлама әлі күнге дейін әлеуметтік желілерде пайдаланушылар арасында танымал.
Мадагаскар Президенті Андри Радзуэлина жусан тұнбасын инновациялық дәрі ретінде ұсынды. Препарат covid-Organics немесе CVO деп аталады. Мемлекет басшысы бұл дәрі Мадагаскар қолданбалы зерттеулер институтының ғалымдары жұмысының нәтижесі екенін айтты. Сондай-ақ, оның айтуынша, дәрмек белгілі бір клиникалық зерттеулерден өткен, бірақ жануарларда сыналмаған. Радзуэлиннің сөзіне қарағанда, осы тұнбаның арқасында екі адам індеттен толық айыққан.
Сонымен қатар Мадагаскар Президентінің сөздерін растайтын ресми құжаттар немесе зерттеулер жарияланған жоқ.
Бірақ тамыз айында Мадагаскар ауруханаларына COVID-19 жұқтырған науқастардың көптеп түсіп жатқандығы туралы хабарламалар тарады. Ол кезде елде 13000-нан астам адамның вирус жұқтырғаны тіркелген, 162 адам індеттен көз жұмған.
Вирус жұқтырғандар саны арта түсті. Қазіргі кезде Мадагаскарда 16,810 адам коронавирустық инфекциямен ауырады, олардың 238-і қайтыс болды.
ДДСҰ африкалық шөптер тұнбасын тек осы жылдың қыркүйегінде ғана сынақтан өткізуді мақұлдады. Сынаққа еріктілер тартылады, соның арқасында ғалымдар оның тиімділігі мен қауіпсіздігін анықтайды.
– Бүгінгі таңда жусанның COVID-19 емдеуге көмектесетіні туралы бірде-бір ғылыми дәлел жоқ. Бірақ біз жусан, басқа да шөптер сияқты, иммунитетті күшейте алатындығын білеміз. Сондықтан одан жасалған тұнбаны ішуге болады, бірақ бұл көбіне нақты коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін емес, өзіңізді тыныштандыру үшін жасалады, – дейді Қарағанды медицина университетінің жұқпалы аурулар және фтизиатрия кафедрасының профессоры, медицина ғылымдарының докторы Роза Бегайдарова.
Естеріңізге сала кетейік, COVID-19 кезінде өзін-өзі емдеу өте қауіпті. Егер қызуыңыз көтерілсе, жөтел пайда болса және тыныс алуыңыз қиындаса, дереу дәрігердің көмегіне жүгініңіз.
Фейктерді әшкерелеу – біздің Stopfake.kz Telegram-арнамызда. Бірден шындықты білгіңіз келсе, жазылыңыздар.
Дереккөз: https://stopfake.kz/kk/archives/2146