ҚР ДСМ «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК денсаулықты сақтап, ұзақ жылдар бойы қажырлы болу үшін не істеу керектігі туралы кеңестерімен бөлісті.
Денені шынықтырып, белсенді болу. Таза ауада жиі серуендеу керек. Дене шынықтыру жаттығулары ағзаға жақсы әсер етеді, қартаю жылдамдығын айтарлықтай баяулатуға ықпал етеді, күйзелісті жеңуге көмектеседі. Баяу жүрудің өзі зат алмасуды, қан айналымын, тыныс алуды жақсартады, бұлшық еттерді жаттықтырады. Жүру кезінде жүйке жүйесі демалып, адам сергіп қалады.
Дұрыс тамақтану. 50-60 жастан кейін ағзада физиологиялық өзгерістер болады – зат алмасу баяулайды, ішектің жиырылуы әлсірейді, ферменттердің белсенділігі төмендейді. Ең бастысы, аз әрі құнарлы өнімдермен тамақтану. Әсіресе, балық, сүт, әсіресе қышқыл сүт өнімдерін (айран, йогурт) көбірек тұтыну керек. Күніне 300-400 мл сүт және түнгі уақытта 200 мл айран ішу ұсынылады.
Дұрыс ұйқы. Дұрыс ұйқы үшін дұрыс күн тәртібі қажет: күнде белгілі бір уақытта ұйықтау, кешкі асты ұйқыға дейін 2-3 сағаттан кешіктірмеу. Сондай-ақ ұйықтар алдында таза ауада серуендеу керек және өте әсерлі теледидар хабарларын көруге, ағзаны сергітетін сусындарды – қою шай, кофе ішуге болмайды.
Жағымды эмоция. Жағымсыз эмоциялар, атап айтқанда реніш, үрей, сары уайымға салыну, ашу-ыза, қайғыру, қызғаныш, жек көру қауіп-қатер факторлары болып саналады, олар тезірек қартайтып, өмірді қысқартады. Ал жағымды эмоциялар – рахаттану, қуану ағзаның қуат алуына көмектеседі. Күлкі – бұл қуанудың, сергек көңіл күйдің және рухани денсаулықтың белгісі. Ол өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне жақсы ықпал етеді, зат алмасуды реттейді.
Профилактикалық тексеруден, скринингтен уақтылы өту. Скрингтік тексеру артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, онкологиялық ауруларды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді.
Аталған қарапайым қағидаларды сақтау белсенді болуға, ұзақ жылдар бойы деніңіздің сау болуына көмектеседі.
Ақпарат көзі: ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы баспасөз қызметі