НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Денсаулық министрлігіне қарасты «Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы» РМК мамандары денсаулықты қалай сақтап, ұзақ жылдар бойы белсенді болып қала беру керектігі жөніндегі бірнеше қарапайым кеңеспен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ұлттық орталық мамандары 1 қазан – Халықаралық қарттар күнімен құттықтай отырып егде жастағы адамдарға қажетті қарапайым қағидаларды еске сала кетті.
Денені шынықтырып, белсенді болу
Таза ауада көбірек қыдырыңыз. Дене шынықтыру жаттығуы ағзаға жақсы әсер етеді, қартаю жылдамдығын айтарлықтай баяулатуға ықпал етеді, күйзеліс жағдайын жеңуге көмектеседі. Жаймен жүрудің өзі адамды шаршата қоймайды, зат алмасуды, қан айналымын, тыныс алуды жақсартады, бұлшық еттерді жаттықтырады. Жүру кезінде жүйке жүйесі демалып, адам сергіп қалады.
Дұрыс тамақтану
50-60 жастан кейін ағзада физиологиялық өзгерістер болады – зат алмасу баяулайды, ішектің жиырылуы әлсірейді, ферменттердің белсенділігі төмендейді. Ең бастысы, тамақты аз ішу керек, бірақ нәрлі заттар көбірек болуы қажет. Етті жей бермей, балық, сүт, әсіресе қышқыл сүт өнімдерін (айран, йогурт) көбірек пайдалану керек. Күніне 300-400 мл сүт және түнге қарай 200 мл айран ішуді ұсынамыз.
Тыныш ұйқы
Дұрыстап, қатты ұйықтау үшін дұрыс күн тәртібі қажет: бір уақытта ұйықтау, кешкі асты ұйқыға дейін 2-3 сағаттан кешіктірмей жеу, көп жемеу керек. Ұйықтар алдында таза ауада қыдырған дұрыс. Ұйықтар алдында өте әсерлі теледидар хабарын көруге, ағзаны сергітетін сусындарды – қою шай, кофе ішуге болмайды.
Жағымды эмоция көбірек болсын
Жағымсыз эмоциялар: реніш, үрей, сары уайымға салыну, ашу-ыза, қайғыру, қызғаныш, жек көру қауіп-қатер факторлары болып саналады, тезірек қартайтып, өмірді қысқартады.Жжағымды эмоциялар керісінше – рахаттану, қуану – ағзаның қуат алуына көмектеседі. Күлкі – бұл қуанудың, сергек көңіл-күйдің және рухани денсаулықтың белгісі. Ол өкпенің қалыпты жұмыс істеуіне жақсы ықпал етеді, зат алмасуды реттейді.
Профилактикалық тексеруден, скринингтен уақытылы өту
Скринг тексеру артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, қант диабетін, глаукоманы, онкологиялық ауруларды уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Сіз скрининг туралы ақпаратты емханадағы дәрігеріңізден біле аласыз.
Бұл қағидаларды сақтау сіздерге белсенді болуға, денсаулығыңыздың мықты болуына және ұзақ жылдар бойы деніңіздің сау болуына көмектеседі!