Тұмауға қарсы вакцина кімдерге бірінші кезекте салынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық денсаулық сақтау орталығының қоғамдық денсаулықты нығайту орталығының жетекшісі Жазира Ембердиева тұмауға қарсы екпе жасау тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жіті респираторлық-вирустық инфекциясына тоқталсақ, бұл тұрғыда ауруға шалдығу қаупі жоғары топ бар. Бірінші кезекте халықтың әлсіз тобына вакцина салынады. Олардың қатарына созылмалы дерті бар жиі ауыратын 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, 60-тан асқан қарт адамдар, сондай-ақ жабық типтегі мекемелердегі адамдар (балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер, медициналық қызметкерлер) кіреді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымы мен өңірлік тиісті департаменттер жыл сайын вакциналау алдында дайындық жұмыстарын жүргізеді. Олар адамдарды емханаға шақыртады», – деп түсіндірді Жазира Ембердиева.

Оның сөзіне қарағанда, емханаға барған кезде пациентті учаскелік дәрігер қарап шығады. Осы орайда денсаулық жағдайына тұрғынның шағымдары сұралып, дене қызуы өлшенеді. Егер де дансаулығы қалыпты деңгейде болса, онда пациент тұмауға қарсы екпе салдыруға жіберіледі. Вакцина қойылғаннан кейін, пациент жарты сағат бойы емханада бақылауда болады. Сонымен қатар, учаскелік қызмет екі күннің барысында бейне байланыс бойынша адамның жағдайын бақылап отырады.

«Алдағы эпидемиологиялық кезеңге медициналық ұйымдарға ЖРВИ мен тұмаумен ауырған адамдарды жатқызу үшін қосымша телефондар, автокөлік берілді», – деді Жазира Ембердиева.

Дереккөзі