Тұмауға қарсы вакцинаның бағасы қанша теңге болатыны айтылды

Бұл туралы ОКҚ-де өткен онлайн баспасөз конференциясына қатысқан Ұлттық денсаулық сақтау орталығы инфекциялық аурулардың алдын алу департаментінің директоры Жұмабек Бекенов айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оның сөзінше тәуекелдік топ бар. Олар мүгедектер, медицина қызметкерлері, 2-3 кезеңдегі жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар балалар. Бұл топтағыларға бюджет есебінен 2 млн доза сатып алынды.

Вакцина тұрғылықты жеріне ең жақын жердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету және басқа да медициналық орталықтарда жасалынады. Өз есебінен аламын дегендерге ақылы түрде ұйымдастырылады. Вакциналар ресейлік, франциялық. СҚ-Фармацияның мәліметінше, олардың бағалары 2 200 теңгеден 4 300 теңгеге дейін. Өздерінің есебінен осы сома аралығындағы екпені алуға болады, – деді Жұмабек Бекенов.

Оның айтуынша, Ресей мен Қазақстан бір климаттық белдеуде болғандықтан олардың тұмау штамдары бірдей.

Сондықтан олардың соңғы кездегі нәтижелеріне көңіл аударуға болады. Олар елдің 60%-ына дейін қамтуды қолға алып отыр. Осы ретте тұмаудың төмендеген нәтижесін де көрді. Болашақта біз де сондац көрсеткіштерге жетеміз деп ойлаймын. Қазір халықтың 10%-ын бюджет есебінен қамтамасыз етуді қолға алдық. Оның өзі аурудың төмендеуіне көп көмегін тигізіп отыр. Болашақта бюджет есебінен егуді алатын болсақ, онда халық 60%-ға жеткен уақытта оларға коллективтік иммунитетті қамтамасыз етіп, тұмаудың біздің арамызда өте аз көлемде таралуына жол берген болар едік, – деді ол.

Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі Жұмабек Бекенов айтқан мәліметтер коронавирусқа емес, тұмауға қатысты айтылғанын ескертті.

Бұл айтылған ақпараттар тұмауға қарсы вакциналардың бағасы бойынша айтылды. Коронавирусқа қарсы вакцина әлі дайын емес. Оған біршама уақыт бар. Оның бағасы қандай болатыны әлі белгісіз. Болжамдар бойынша тұмауға қарсы вакцинаның бағасымен сәйкес келуі мүмкін, – деп айтты Бағдат Қожахметов.

Дереккөзі