Химиялық заттарды қауіпсіз басқару химиялық заттарды қарқынды өндіру, пайдалану және қалдықтарының пайда болуы жағдайында қоршаған орта мен адамдардың денсаулығын қорғаудың маңызды шарты болып табылады.
Химиялық заттар мен қалдықтарды қауіпсіз басқару дегеніміз – улы және қауіпті заттардың адам денсаулығы мен қоршаған ортаға әсер етуін болдырмау, азайту немесе төмендету үшін химиялық заттарды реттеудің ең озық тәжірибесін қолдану. Бұл тәсіл химиялық заттарды өндіру және пайдалану процестерінің әсер ету қаупін азайтуда елдердің қазіргі әлеуетін жан-жақты зерттеуді талап етеді.
2018 жылдан бастап елімізде ДДСҰ Еуропалық өңірлік бюросының қолдауымен «Шығыс Еуропаның, Кавказдың және Орталық Азияның жекелеген елдерінде химиялық заттарды ұтымды басқару үшін ұлттық жүйелердің негізгі элементтерін құру» жобасы іске асырылуда. Жобаның өткізілетін іс-шаралары бойынша іс-қимылдарды үйлестіруге ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жауап береді.
Жоба шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму, ауыл шаруашылығы министрлігінің және басқа да мемлекеттік органдардың, «ҚР тұрақты дамуына ықпал ету» орталығы қоғамдық қорының және «Toxic Free Kazakhstan» химиялық қауіпсіздікті үйлестіру орталығының», еліміздің медициналық жоғары оқу орындарының өкілдерімен бірлесіп бірқатар іс-шаралар өткізілді.
«Химиялық заттарды ұтымды басқару: жіктеу және таңбалау, денсаулыққа және қоршаған ортаға тигізер қауіп-қатерді бағалау» тақырыптары бойынша мемлекеттік органдар мен өнеркәсіп өкілдерін оқытты. БҰҰДБ-мен бірлесіп, «ҚР тұрақты дамуына ықпал ету» орталығы «Химиялық заттарды қауіпсіз реттеу саласындағы ұлттық заңнама мәселелері: проблемалар, кедергілер және шешу жолдары» атты онлайн-семинар ұйымдастырды.
Сондай-ақ ҚР-да химиялық заттарды ұтымды реттеу жүйесін құру бойынша Жол картасын дайындады, бұл химиялық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органдар, жергілікті атқарушы органдар, өнеркәсіптік кәсіпорындар және басқа да мүдделі тараптар жұмысының басым бағыттарын анықтады.
– Жоба бойынша жұмыс жалғасуда. Жобаға тартылған сарапшы, ҰУ магистранты Сауран Ердесов қазір ҚР аумағында тыйым салынған ықтимал қауіпті химиялық заттардың тіркелімін жасаумен айналысып жатыр, – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының жұқпалы емес аурулардың қауіп-қатер факторларының мониторингі бөлімінің басшысы Насима Жүнісова. – Бірлескен жұмыс нәтижесінде алынған ұсынымдар химиялық заттарды ұтымды басқару жүйесін дамытуға бағытталған стратегиялық шараларды әзірлеу кезінде пайдалы болады және химиялық заттардың Қазақстан халқының денсаулығы мен қоршаған ортаға кері әсерін төмендетуге ықпал етеді деп күтеміз.