Коронавирустың алдын алу мақсатында жұмыс берушілер қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстырып жатыр. Көпшілік мұны сынақ ретінде қабылдауда. Үйден жұмыс істеу жағдайында тиімділікті қалай арттыруға болады? ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің бас маманы Шынар Құлмамбетова кеңес береді.
Жұмыс орнын ұйымдастырыңыз. Жұмыс орны ыңғайлы болуы тиіс, бұл өте маңызды. Ешкім және ештеңе де кедергі болмайтындай, үйде шағын болса да өз жұмыс кеңістігіңізді ұйымдастырыңыз. Жеке бөлмеңіз болса тіпті жақсы. Ондай мүмкіндік болмаса, мейлінше ыңғайлы орын табуға тырысыңыз. Қуаттағыш құрылғыны және розеткалардың қолжетімділігін тексеріп, шамды орнатыңыз. Қажетті кеңсе құралдарын да қойып қойыңыз.
Өзіңізбен және жақындарыңызбен келісіңіз. Ешкім сізді алаңдатпайтындай, белгілі бір жұмыс уақыты жөнінде өзіңізбен және жақындарыңызбен алдын ала келісіп алыңыз. Егер бәрін бір мезгілде жасауға – үй шаруасын кәсіби міндеттеріңізбен араластыруға тырыссаңыз – мұндай жағдайда сіздің жұмысыңыздың берекесі болмайды. Бұған қоса, үйдегі бала-шаға да алаңдатуы мүмкін, олардың айтқанын да жасауыңыз керек, сондықтан қашықтан жұмыс істеу бір жағынан өзіңізді қадағалауға мүмкіндік береді.
Күн тәртібін жасаңыз. Нәтижелі еңбек етуді жалғастырып, толық демалу үшін белгілі бір тәртіпті ұстану қажет. Ісіңіз бен демалысыңызды бөліп алыңыз, әйтпесе уақытыңызды жоғалтасыз. Қашықтан жұмыс істеуді дұрыс бастаңыз. Күн сайын таңертең бір күнгі істейтін жұмысыңыздың тізімін жазып алыңыз, ал кешке салыстырып қараңыз және нені үлгеріп істегеніңізді белгілеп қойыңыз. Біріншіден, бұл сізге тәртіпті сақтауға көмектеседі. Екіншіден, бұл тізімді басшыға көрсете аласыз, бұдан ол сіздің жүктемеңізді қашықтан бақылай алатын болады.
Тамақтану тәртібін сақтаңыз. Тоңазытқыш қол созым жерде тұрғандықтан, жұмыс барысында оған да алаңдауыңыз ғажап емес. Арасында жеңіл-желпі тамақтану – демалуға дәлелді себеп табудың ең қарапайым түрі. Нәтижесінде сіз үнемі артық тамақ жеп, дұрыс тамақтанбайтын боласыз. Сонымен бірге қозғалыс та азайып, сізге артық салмақ қосылуы мүмкін. Тамақ жеп жатқан кезді де қадағалау қажет. Дұрыс тамақтанып, жеткілікті мөлшерде сұйықтық ішіңіз.
Дене шынықтырумен айналысыңыз. Қашықтан жұмыс істеу кезінде дене қозғалысы азаяды. Бұл дененің шынығуына едәуір кедергі келтіреді: бір орында отырып жұмыс істеу және қозғалыстың болмауы денсаулыққа, көңіл-күйге және өмір сүру сапасын жақсартуға зиянын тигізеді. ДДСҰ орташа қарқындылық белсенділігінің кем дегенде 150 минутын немесе аптасына 75 минут ұсынады. Денені шынықтырып, үнемі қозғалыс жасау ұсынылған нормаларға қол жеткізуге үлес қосады. Телефонмен сөйлесуге немесе су ішуге орныңыздан жай ғана тұрып, жүру үшін қысқа үзіліс жасап отырыңыз, сондай-ақ міндетті түрде жаттығу жасаңыз.