НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мектеп оқушыларының 63 пайызы күнделікті таңғы асын ішеді. Мұндай деректі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының бас маманы Шынар Әбдірахманова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онлайн режимде «HBSC ғаламдық және ұлттық зерттеу нәтижелерімен таныстыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ол 2017-2018 жылдары Қазақстандағы мектеп оқушыларының өз денсаулықтарына қалай қарайтындығына қатысты зерттеулер нәтижелерін жария еткен болатын.
«Қазақстан бұл зерттеуге алғаш рет қатысты. Оған 11, 13 және 15 жастағы 6,5 мыңнан астам оқушы қатысты. Елімізде мектеп оқушыларының 63 пайызы күнделікті таңғы астарын ішеді. Жоғары жастағы қыздар мектепке баратын күндері сирек таңғы астарын ішеді екен. Бұл көрсеткіш 15 жасқа қарай мұнан да төмендей түседі. Дәл осындай жай көрші елдерде байқалады. Қазақстанда жасөспірімдердің жартысы жеміс-жүйдек пен көкөністерді күнделікті тұтынбайды. 13-тен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдердің күнделікті жеміс-жидек тұтынуы азая түседі», – деді Шынар Әбдірахманова.
Оның дерегінше, құрамында қанты бар сусындарды әрбір алтыншы жасөспірім күніне жоқ дегенде бір рет ішеді. Әсіресе, ұл балалардың мұндай сусындарды жиі тұтынатындығы байқалады.
«Қазақстанда жасөспірімдердің бестен бірі немесе 17 пайызы күнделікті құрамында қанты бар сусын ішсе, әрбір төртінші жасөспірім тәтті жейді», деді сарапшы.
HBSC (Health Behaviour in School-aged Children) зерттеу нәтижелері балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту үшін келісілген саяси шешімдер мен практикалық шараларды талап ететін проблемалық салаларды анықтауға мүмкіндік береді.