НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда жасөспірім ұлдарға қарағанда қыздар тіс тазалағына баса мән береді. Мұндай деректі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының бас маманы Шынар Әбдірахманова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Онлайн режимде «HBSC ғаламдық және ұлттық зерттеу нәтижелерімен таныстыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында ол 2017-2018 жылдары Қазақстандағы мектеп оқушыларының өз денсаулықтарына қалай қарайтындығына қатысты зерттеулердің нәтижесін жария еткен болатын.
«Көптеген елдерде жасөспірімдердің үштен екісі ғана күнделікті тісін екі рет тазалайды. Қыздар ауыз қуысы тазалығы ережесін жиі ұстанады. Жасөспірімдер арасында тіс тазалау көрсеткіші ең төмен елдердің қатарында Қазақстан да бар. Елімізде балалардың 49 пайызы ғана күніне 2 рет және одан көп рет тісін тазалайды. Бізде ұлдарға қарағанда қыздар тісін жиі тазалап тұрады», – деді сарапшы.
Оның атап өтуінше, жаһандық ұсынымға сәйкес, балалар күнделікті 60 минут қарқынды дене тәрбиесімен айналысуы тиіс. Әлемнің көптеген елдерінде бұл көрсеткіш не бәрі 19 пайызды құрайды. Ал Қазақстанда күн сайын белсенді қимыл жасайтын балалар үлесі 33-34 пайызға жетіп отыр. Бұл ең жоғары көрсеткіш саналады.
«Дегенмен, әсіресе қыздар арасында 15 жасқа қарай дене қимылы белсенділігінің төмен тенденциясы бар. Біз сонымен қатар балалардың электронды құрылғы экраны алдында қанша уақыт өткізетіндігін де зерделедік. Балалардың 47 пайызы түрлі құрылғы экранының алдында 3 және одан да көп сағат отырады», – деді Шынар Әбдірахманова.
Сонымен қатар оның дерегіне сәйкес, еліміздегі балалардың тең жартысына жуығына мектеп ұнайды. Бұл әлемнің бүкіл елдері ішіндегі ең жоғары көрсетіш.
«10 мектеп оқушысының жетеуі ұстаздардың, ал 10 оқушының алтауы сыныптастарының жан-жақты қолдау көрсететіндігін айтады. Бұл мектептеріміздің балалар үшін позитивті, қолайлы орта екендігін көрсетеді», – деді сарапшы.
HBSC (Health Behaviour in School-aged Children) зерттеу нәтижелері балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын жақсарту үшін келісілген саяси шешімдер мен практикалық шараларды талап ететін проблемалық салаларды анықтауға мүмкіндік береді.