Рамазан-2020: биылғы өзгерістер мен мамандар кеңесі

Биыл барша мұсылман қауымы үшін қасиетті Рамазан айының басталуы әлемдік пандемия, төтенше жағдай мен карантин уақытына келді. Дүниежүзіне қатер төндірген індеттің салдарынан ораза ұстау, ауызашар, тарауық намазының оқылуы мен пітір садақа беру ережелеріне өзгеріс енгізілді. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы оны «уақытша әрі мәжбүрлі» шара деп түсіндіріп, қазақстандықтарды ізгі амалдарды карантин талаптарына сай орындауға шақырды. Ал Денсаулық сақтау министірлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары ауыз бекіту бойынша арнайы кеңестер әзірледі.

Биыл Рамазан 24 сәуір күні басталады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі іргелі зерттеу орталықтарының бірі болып есептелетін Василий Григорьевич Фесенков атындағы «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының» ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күнін белгіледі.

«Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін Рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталады деген шешім қабылданды», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы.

Кімге ораза ұстауға болмайды?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз екенін айтты. Алайда жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт нашарлап кетуі мүмкін деген шешім қабылдаса, сондай-ақ жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат беретінін мәлімдеді.
Ал Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары ЖРВИ белгілері (жөтел, мұрыннан су ағу, дене қызуының жоғарылауы) бар болса, онда ауыз бекітуден бас тарта тұрып, оны сауыққаннан кейін, жалғастырған жөн деп санайды.

«Егер сізде созылмалы аурулар бар болса, онда ораза басталар алдында медицина қызметкерімен кеңесу керек. Ал келесі аурулармен ауыратын адамдарға ауыз бекітуге мүлдем болмайтынын ескертеміз», – деген орталық мамандары бірқатар ауру тізімін атады.

Ораза ұстаған адам дұрыс тамақтануы керек

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары ораза ұстағандарға тамақтану рационын дұрыс құру жөнінде кеңес береді.

«Көкөністер мен жемістерді көбірек қолданыңыз, суық сумен ауыз ашпаңыз, тамақты тым көп жемеңіз. Сіздің рационыңызда барлық қажетті дәрумен мен минералдың болуын қадағалаңыз. Суды жеткілікті мөлшерде қабылдаңыз. Белсенді болыңыз», – дейді мамандар.

Тарауық намазы мешіттерде оқылмайды

Биыл індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтыны белгілі болды. Сондықтан Бас мүфти тарауық намазын отбасы мүшелерімен оқуға кеңес берді.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдейді. Әркім тарауық намазын өз шаңырағында, отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мамандары бұл санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік беретінін айтады.

Ауызашар беру жолдары

ҚМДБ жұқпалы індеттің таралуын алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда тағы басқа мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтату керектігін мәлімдеді. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен ауызашар өткізіп, көпшілік орындарда жиналмауы керек.

«Ораза ұстаған адамдарға ауызашар беруде мынадай қайырлы амалдарды жүзеге асыруға шақырамыз: мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Пітір садақаны онлайн аударуға болады

ҚМДБ Төралқа мәжілісінің шешімімен биыл бір адам атынан берілетін пітір садақа мөлшері 370 теңге деп бекітілді. Пітір садақаның құны екі келі ұнның республика бойынша есептегенде нарықтық орташа бағасымен шығарылды.

«Ал материалдық жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіз немесе құрма құнымен бергені абзал. Өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет)», – деді ҚМДБ төрағасы.

Биыл алғаш рет пітір садақаны Kaspi.kz және Халық банкі, KIWI ұялы қосымшалары арқылы аударуға болады. Яғни онда әр облыс пен республикалық маңызы бар қалалардағы орталық мешіттердің есепшоты енгізілді. Әр азамат өз өңіріндегі мешіттің есепшотына пітір садақасы мен зекетті үйден шықпай онлайн режимде аудара алады.

ҚМДБ төтенше жағдай аяқталғаннан кейін де бұл жүйені пайдалануды жоспарланып отырғанын жеткізді. Себебі садақаны онлайн аудару мешіттердегі қаржы айналымының ашықтығын қамтамасыз етеді.

ҚМДБ пітір садақадан түскен қаржыны қайда жұмсайды?

«Пітір садақа шариғат бойынша жағдайы төмен, мұқтаж адамдарға берілуі керек. ҚМДБ халықтың садақасын шариғатқа сай жұмсайды. Осыны қабылдап отырған әрбір имам, әрбір жауапты дін қызметкері ертең бұған Алланың алдында жауап береді», – деді Бас мүфти.

Құралай Құдайберген

Дереккөзі